«Балаға ақылдан бұрын үлгі керек»: Павлодарда ата-аналар форумы өтті

«Балаға ақылдан бұрын үлгі керек»: Павлодарда ата-аналар форумы өтті
Фото: Оқушылар сарайынан

Жиында ата-ананың жеке өнегесі, бала қауіпсіздігі, отбасындағы қарым-қатынас және мектеппен серіктестік мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Тәрбие ошағы: ата-аналар өнегесі – бала болашағы» атты облыстық ата-аналар форумы өтті.

Форумға облыстағы білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысына жауапты басшылары, педагог-психологтер, ата-аналар комитеттерінің өкілдері, сондай-ақ «Мирас», «Аққу», «Аналар», «Әкелер», «Аталар-әжелер», «Аға-жеңгелер» мектеп клубтарының мүшелері қатысты.

Жиынның негізгі өзегі – бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін күшейтіп, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайту. Өйткені баланың адамгершілігі, жауапкершілігі, адалдығы мен үлкенге құрметі ең алдымен отбасындағы күнделікті қарым-қатынастан қалыптасады.

Форумның кіріспе бөлімінде М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайы басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Иманбекова «Адал азамат» құндылықтарының отбасылық тәрбиедегі маңызына тоқталып, ата-ана мен білім беру ұйымдарының ортақ жауапкершілігін атап өтті.

Оқушылар сарайының әдіскері Майя Темірбулатова «Тәрбие ошағы – ұрпақ тәрбиесіндегі сабақтастық пен серіктестік алаңы» тақырыбында баяндама жасап, мектеп пен отбасының бірлескен жұмысы тәрбие нәтижесіне тікелей әсер ететінін айтты.

«Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Роза Әшімбетова ата-ананың балаға ақыл айтумен шектелмей, өз ісімен үлгі болуы маңызды екенін сөз етті. «Ақыл айтпай тәрбиелеу: ата-ананың жеке өнегесі, отбасындағы қарым-қатынас тілі және цифрлық әдеттер» тақырыбында ол қазіргі отбасындағы тәрбие мәдениеті мен ата-ананың жеке үлгісіне тоқталды.

Институттың аға оқытушысы Әлия Жүнісова «Саналы ата-ана – қауіпсіз бала» тақырыбында баяндама жасап, баланың қауіпсіз ортада қалыптасуындағы ата-ананың бақылауы мен қолдауының маңызын көтерді.

Ал «Сенімен Болашақ» РҚБ белсендісі Еркеғали Жанғазы «Балам жақсы болсын десеңіз» тақырыбында ата-ананың бала өміріндегі орнына тоқталып, жақсы тәрбиенің үлкендердің өзінен басталатынын атап өтті.

Форумның тәжірибелік бөлігінде Аққулы ауданының өкілдері өз тәжірибесін таныстырды. Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Әсем Оспанова бастаған мектептердің тәрбие жұмысына жауапты директор орынбасарлары мен мектеп клубтарының жетекшілері «Бала тәрбиесіндегі үштік одақ: отбасы – мектеп – қоғам» тақырыбында бірлескен жұмыс үлгілерін ортаға салды.

Олар мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелі болуы ата-анамен тұрақты байланысқа, ортақ талапқа және өзара сенімге негізделетінін айтты. Сондай-ақ аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан тәрбиелік бастамалар мен тиімді тәсілдер таныстырылды.

Кездесу барысында «Сенімен Болашақ» РҚБ жанашыры Арай Рахымжанова психологиялық тренинг өткізіп, қатысушыларды пікір алмасуға және бала мен ата-ана арасындағы эмоционалдық байланыстың маңызын түсінуге бағытталған жаттығуларға жұмылдырды.

Форум аясында Аққулы ауданының мектеп клубтары ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары мен шығармашылық жұмыстардың көрмесін ұйымдастырды. Көрмеден қолдан жасалған бұйымдар, сәндік-қолданбалы өнер туындылары мен түрлі шығармашылық жұмыстар орын алды. Олар ауылдық клубтардың шығармашылық әлеуетін көрсетіп қана қоймай, ұлттық мұраға деген құрмет пен еңбекке баулудың маңызын да аңғартты.

Жиын соңында қатысушылар бала тәрбиесінде отбасы, мектеп пен қоғамның өзара байланысы маңызды екенін атап өтті. Отбасы бала бойына құндылықтарды сіңірсе, мектеп оны дамытып, қоғам өмірде орнығуына ықпал етеді.

Балаға қалдырар ең үлкен мұра – өнегелі тәрбие. Ал оның алғашқы бастауы ата-ананың сөзі мен ісінен, күнделікті жүріс-тұрысынан қалыптасады.