Павлодарлық сотта мемлекеттік тілде қаралған істердің саны артуда
2023 жылы 61 іс жүзеге асырылса, бүгінде мемлекеттік тілде 201 (3,6 пайыз) азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қалалық сотының судьясы Әлия Асанова мәлімдеді.
Павлодар қалалық соты 2024 жылдың 11 айында атқарылған жұмыс қорытындысын шығарды.
– Қазіргі таңда сот саласында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту – өзекті мәселелердің бірі. Жоғарғы соттың ең басты тапсырмасының бірі – сот саласында мемлекеттік тілде қаралған істердің санын арттыру. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Павлодар қалалық сотында 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы қаралған азаматтық істердің саны өсті, – дейді Әлия Асанова.
Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңның 4-10 баптарына сәйкес мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздар жүргізу тілі болып табылады. Сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының тапсырмасымен 2023 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік тілді қолдау бойынша халықаралық форум ұйымдастырылды. 2024 жылы сот ісін қазақ тілінде қарастыру қолданысқа енгізілді.
Спикердің айтуынша, осыған байланысты қалалық сот облыстық соттың судьяларымен бірігіп, бірнеше дөңгелек үстел ұйымдастырды. Аталмыш іс-шара мемлекеттік органдар, прокуратура, адвокат, заң өкілдерінің қатысуымен өткізілді. Мемлекеттік органдар сотқа жүгінген кезде талап-арыздар беру бойынша тек мемлекеттік тілде жүгінуі тиіс. Өйткені, бұл – тіл туралы заңнаманың нормасына сәйкес.
– Облыстық сот төрағасының үкіміне сәйкес, мемлекеттік тілді жетілдіру, дамыту бойынша тілдер тобы құрылды. Бұл топ 2019 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда өздері жұмыс атқаруда. Жоспарға сәйкес, топ мүшесі болып келемін. Осы топтармен бірге Екібастұз, Ақсу қалаларына іс-сапармен барып, мемлекеттік органдармен кездесу ұйымдастырылып, заң нормаларын қалай қолдану және қазақ тілінде жүгіну керектігі жайлы жеткізілді, – дейді ол.
Оның сөзінше, дөңгелек үстелдердің, сондай-ақ тілге байланысты іс-шаралардың нәтижесінде көрсеткіш артуда. Сонымен қатар, ағымдағы жылы облыс бойынша судьялардың арасында шешендік сөздерге байланысты мемлекеттік тілде сайыстар өткізілді.
Жоғарғы соттың судьясы Досжан Әмір келіп қатысқан. Мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесулер ұйымдастырды. Облыс бойынша статистикалық деректерге келсек, қылмыстық, азаматтық және барлық істердің көрсеткіші 2023 жылы төрт пайызды құраса, қазіргі таңда 9,4 пайызға дейін көтерілді. Алдағы уақытта мемлекеттік тілді қолдауға байланысты жобалар жалғасын табады деп көзделуде.
Қалалық сотта барлығы 3805 іс қаралды. Оған қысқаша қаралатын істер кірмейді.
Азаматтардың көбі өз құқықтарын білмегендіктен және кейбір мұрағаттан алатын құжаттар мен өз құжаттарда шарттардың барлығы арнайы үлгіде, орыс тілінде болғандықтан, сотқа орыс тілінде жүгінеді.
– Тәжірибе бойынша төрт азаматтық іс мемлекеттік тілге ауыстырылды. Себебі, сотқа келген кезде олар орыс тілінде ой-пікірін толық жеткізе алмайды. Неге орыс тілінде берілді деген сұраққа, қорғаушы арыздың үлгісі орыс тілінде деген себеппен түсіндіреді, – дейді спикер.
Алдағы уақытта, 20 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соттың 11 айлық қорытындысы болады. Облыс бойынша арнайы топ отырыс өткізіп, келесі жылға арналған жаңа жоспарлар құрылады.
Айта кетейік, қылмыстық, әкімшілік, құқықбұзушылық істер, арыздар мемлекеттік тілде алынады, мемлекеттік тілде іс қозғалады. Алайда жәбірленуші тілді білмеген жағдайда орыс немесе түсінікті тілге ауысуы тиіс. Бұл туралы құқықтық процессуалдық, әкімшілік құқықбұзушылық кодексте нақты көрсетілген. Азаматтық істерде қай тілге жүгінсе, сол тілде іс қозғалады. Мемлекеттік органдар заңды орындамаған жағдайда судьялар жеке ұйғарым шығарады.
Сонымен қатар, 2024 жылы Павлодар қалалық сотында сот жұмысы мен қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыру бойынша жаңа технологияларды енгізу және әзірлеуді есепке алғанда сот қызметтерінің сапасын арттыру жұмыстары жалғасын тапты. Павлодар қалалық соты алдағы уақытта сот жүйесінің азаматтарға қолжетімділігін қолдау және сот төрелігінің сапасын арттыруға тырысады.