Батареялары жарылған тұрғын «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-н сотта жеңіп шықты
Екібастұз қалалық соты талапкердің арызы бойынша «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-на қатысты залалды өтеу туралы азаматтық істі қарады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Іс материалы бойынша, талапкер Жігер көшесіндегі үйді жылумен жабдықтаудың тоқтатылуы салдарынан батареялар мен құбырлардың жарылып кетуіне байланысты «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-не залалды қалпына келтіру туралы өтінішпен хат жазған, алайда жауап болмаған.
Бұдан кейін талапкер құрылыс материалдарын сатып алып, өз дәлелдерін растау үшін сотқа чек пен ілеспе құжаттардың түпнұсқаларын ұсынған. Сондай-ақ ол қатты суық кезінде отбасы қиналғанын, балалар ауырып, ауруханада жатқанын айтты. Осылайша, жауапкердің материалдық залалды өтемеуіне байланысты сотқа жүгінген.
– Сот отырысында талапкердің дәлелдері расталды. Сот талаптарды ішінара қанағаттандырды. 365 740 теңге көлемінде материалдық залал сомасын өндіріп, моральдік зиян сомасын 100 мың теңгеге дейін азайтты, – дейді Екібастұз қалалық сотының баспасөз қызметінде.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.