Павлодарлық кардиоорталықта бейнежетондар тестіленуде

Жүйе медициналық көмектің ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызмет сапасын бақылау жүйесін жаңғырту мақсатында бейнежетондарды енгізуді жоспарлап отыр. Министр Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл шешім пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.
Өткен жылдың соңында Алматы және Астана қалаларының жедел жәрдем бригадалары арасында пилоттық жоба іске қосылған болатын. Нәтижесінде бейнежетондар медициналық көмектің ашықтығын қамтамасыз етуде тиімділігін көрсетті.
Бастаманыоблыстық Кардиология орталығы қолдап, стационар бөлімдерінің бірінде бейнежетондарды пилоттық режимде енгізді. Бұл құрылғы медицина қызметкерлерінің жұмысын нақты уақыт режимінде жазуға мүмкіндік береді. Жазбалар тек ерекше жағдайларда – оқыс оқиғалар мен жан-жақты талдауды қажет ететін жағдайларды тергеу барысында ғана қарастырылады.
– Деректер осы орталықтың ішкі регламенттеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдаланылады, атап айтқанда: «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңына және ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №335 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Бейнежетондарды қолданудың мақсаты – медициналық көмектің ашықтығын, қауіпсіздігін және сапасын қамтамасыз ету. Видеотіркеу негізді және заңды сипатқа ие, пациенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды. Бейнебақылау ашық түрде, жасырын түсірілімсіз жүргізіледі және дербес деректерді қорғау режимі қатаң сақталады. Біз министрліктің бастамасын қолдап, өзімізде енгізуді шештік, – деді облыстық Кардиология орталығының заң бөлімі басшысы Евгений Бровко.
Министрлік дербес деректер мен пациенттердің құпиялылығын қорғау талаптарының қатаң сақталатынын да атап өтті. Видеоматериалдарға қол жеткізу тек ішкі тексерулерді жүргізетін шектеулі мамандар тобына ғана беріледі.
Осылайша, Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасы – елімізде көрсетілетін медициналық қызметтердің тиімділігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың маңызды кезеңі болып табылады.