Баянауыл ауданында бірнеше мектепке автобус берілді

Баянауыл ауданында бірнеше мектепке автобус берілді

Білім күні қарсаңында жаңа көліктің кілті үш мектепке табыс етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аудандық білім бөлімінің мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында аудандағы төрт мектептің автобусы жаңартылды.

- Мемлекет басшысының тапсырмасына орай «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептерге үлкен қолдау көрсетілуде. Павлодар облысы әкімінің тікелей қолдауымен биылғы жылы 4 мектеп автобусы жаңартылды. Соның ішінде Қ.Кемеңгеров атындағы мектеп жазғы маусымда жаңа автобустың кілтін алды. Ал, бүгін Д.Рахметов, М.Ж.Көпеев, Ш.Айманов мектептеріне автобустар табысталды, - делінген хабарламада. 

Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбеков мектеп директорларына жаңа автобус кілттерін табыстады.

Бүгінгі  жаңа оқу жылының басталуына орай «Мектебім - мейірім мекені» атты салтанатты жиын аудандағы барлық 26 жалпы білім беру мектептерінде өтті. Жалпы жаңа оқу жылында аудан бойынша 4360 бала мектеп табалдырығын аттаса, оның ішінде 1-сыныпқа аудан бойынша 412 оқушы қабылданды.

Білім күнінде мектептерде әртүрлі тақырыптарда сынып сағаттары өткізілді.