Павлодар облысында оқушылар кәсіби дағдыларды мектептен бастап меңгеруде
Елу мектепте отыз бағыт бойынша бейіндік сыныптар ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде «Мектептерде 1000 бейіндік сынып құру» жобасы қарқынды жүргізілуде.
– 1 қыркүйектен бастап облыстың 50 мектебінде кадрлар даярлаудың 30 бағыты бойынша бейіндік сыныптар жұмысын бастады. Бұл бастаманың арқасында 2000-нан астам оқушы болашақ мамандығына қажетті алғашқы дағдыларды мектеп қабырғасынан бастап игеруге мүмкіндік алып отыр, – делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда 37 колледж мектеп базасында оқу-тәрбие процесіне белсенді қатысуда. Олар тамақтандыруды ұйымдастыру, білім беру, медицина, IT, автомобиль жөндеу, ауыл шаруашылығын механикаландыру, метал өңдеу және басқа да сұранысқа ие салалар бойынша сабақтар өткізеді.
Колледж оқытушылары 8-сыныптан бастап оқушыларға алғашқы кәсіби дағдыларды үйретуде, сондай-ақ арнайы шеберлік сағаттары мен тәжірибелік сабақтар ұйымдастыруда.