Баянауыл ауданында жоғары бағамен бензин сатқан кәсіпкер айыппұл арқалады

Баянауыл ауданында жоғары бағамен бензин сатқан кәсіпкер айыппұл арқалады
Фото: Константин Шелков

Айыппұл сомасы 345 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Баянауыл ауданының полиция бөлімінен келіп түскен материал бойынша «Төлеубаев М.А.» ЖК Баянауыл ауданының аумағында автожанармай құю станциясында АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрін 200 теңгеден сатқан. Ал АИ-92 маркалы бензинге 182 теңге  белгіленген. 

– Осылайша «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңының 14-бабының 3-тармағын бұзып, мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге белгіленген шекті бағадан жоғары бағамен сатқан.  Құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 171-бабының 1-бөлігі бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейтін әкімшілік іс қозғалды, – деді департаментте. 

Іс бойынша материалдар Павлодар облысының Баянауыл аудандық сотына жолданды.

Мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері мұнай өнімдерін өткізу саласындағы заңнаманың талаптарын қатаң сақтауы және белгіленген шекті бағалардан жоғары сатуға жол бермеуі тиіс.

Айта кетерлігі, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын тоқтату немесе айыру, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кірістің (түсімнің) жүз пайызы мөлшерінде айыппұл көзделген.

Тұтынушылар жанар-жағар май бағасының өсу фактілері анықталған жағдайда растайтын материалдарды қосып, департаментке тиісті өтінішпен жүгінуі керек.