Баянауылда оқушыларды кәсіпке бағыттайтын ерекше жоба бар

Баянауылда оқушыларды кәсіпке бағыттайтын ерекше жоба бар
Фото: Константин Шелков

Баянауылдың № 2 Майқайың орта мектебінде оқушыларды заманға сай кәсіпке бағдарлауға және білімдерін жетілдіруге арналған «Jaryq foundation» жобасы өрісін жая түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі @kazinform.kz-ке сілтеме жасап.

Дені SMM, мобилография, киберспорт, роботтехника сияқты сұранысқа ие мамандықтардан тұратын кешенді жобаға өңірдегі кез келген зейінді бала қатыса алады.

«Jaryq foundation» сырттай интеллектуалды ойын саналғанымен, оған қатысушылар келешекте кәсіптік бағдарлауға жол ашатын бірегей жоба деп баға берді. Жоғары сыныптарда білім алып жүрген жастардың көбі болашақ мамандығы қандай салада болатынын елестете алмайтыны шын. Жыл сайын елімізде орта есеппен 70 мыңнан астам түлек жұмысқа орналасуда қиындыққа ұрынатынын ресми статистика көрсетіп отыр. Ал жұмысқа тұрған түлектердің 40 пайызы мамандығы бойынша еңбек етпейді. Бұған жастардың үштен бірі мамандықты өздері таңдамайтыны себеп көрінеді. Өз қалауына сүйенбегендіктен əлеуетін толық іске асыру мүмкін болмайды. Ал алған дағдылары мен білімдері уақыт өте ескіріп, еңбек нарығында бəсекеге қабілетсіз болып қалады. Сол үшін де жастарға мектеп қабырғасынан бастап кәсіптік бағдар беру өте өзекті.

Алтынды Майқайың кентіндегі № 2 орта мектебінің жас мамандары — Дидар Халимолла, Бөгембай Бахитденов, Ермек Рахымжановтың бірлескен авторлық жобасы алғашқыда «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалды ойыны негізінде түзілген екен. Кейін жетілдіре келе 11 бағыттан тұратын кешенді жоба құрған. Дидар мектепте биология мен математикадан, Бөгембай биологиядан, ал Ермек математикадан сабақ береді.

Бөгембай Бахитденовтың айтуынша, жобаның негізгі міндеті — оқушыларды жан-жақты дамытып, зейінін жетілдіру.

Жоба авторлары 2022 жылдан бастап жаңа бағдарларды жоспарлап, заманға сай мамандықтар бойынша 7-11-сынып оқушыларын оқытуды, сондай-ақ балалар арасында ұлттық спорт түрлерін дамытуды қолға алған. Атап айтқанда, мұнда мобилография, шешендік өнер, SMM, роботтехника, киберспорт, ұлттық спорт (асық ату мен қазақ күресі), «Жарық» интеллектуалды ойыны, маусымдық марафон жүгірісі, өлкетану, кәсіптік бағдар жобалары және «Жарық» ақпараттық газетін шығару жолға қойылды.

Ұстаз Бөгембай Маратұлының айтуынша, 2025 жылы жоба өз аясын кеңейтіп, шамамен 400 баланы қамтиды деген жоспар тұр. № 2 Майқайың орта мектебінде 800 бала оқиды. Бұдан былай бағыттардың саны артып, бастауыш сынып оқушылары да қатысады.