Биыл Екібастұзда ферроқорытпа зауыты іске қосылады
Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Үкіметінің отырысында облыс әкімі Асайын Байханов жыл басынан бері аймақтың өңдеу өнеркәсібін дамыту қорытындылары туралы баяндады.
Павлодар облысында экономиканың өсімі жалғасуда. Жыл басынан бері 621 миллиард теңгеге өнім шығарылған өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалады, өсім 9,3% құрады. Инвестициялар екі есеге өсті.
Өнім көлемі келесі салаларда өсті: көлік жасау саласы 47 %-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі 45 %-ға, құрылыс индустриясы 47 %-ға, металлургия 7 %-ға, мұнай өнімдерін өндіру 3,4 %-ға және жиһаз өндірісі 82 %-ға өсті.
Өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқынын және инвестициялардың өсімін сақтау мақсатында жалпы сомасы 2 триллион теңге болатын 50 жобамен жұмыстар жүргізілуде. Бұл тоғыз мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға және өнеркәсіп өндірісінің көлемін 400 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 100 миллиард теңгеден асатын жеті жобаны іске қосу жоспарланған. Биыл Екібастұзда «EkibastuzFerroAlloys» компаниясы жылына 240 мың тонна ферросилиций шығаруға қауқарлы ферроқорытпа зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл 800 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.