Павлодарда теміржол вокзалы қалай жаңартылды?
Жиырма жыл жөндеу көрмеген ғимараттың салтанатты ашылуына облыс әкімі қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Теміржол возкалының қайта жаңғыртылуына 1,3 миллиард теңге жұмсалды. Қаражат демеушлер есебінен құйылды. «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС Тобы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге, вокзал ғимаратын күрделі жөндеуге және жаңғыртуға 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Жөндеу тоғыз ай ішінде жүргізілді. Енді темржол вокзалы тәулігіне төрт мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады.
Екі қабатты ғимарат заманауи үлгіде қалпына келтірілді. Вокзалдың қасбеті, жылыту және жарықтандыру, желдету жүйесі жаңартылды. Тұрғындар үшін қолайлы күту залы жабдықталды. Гаджеттерді қуаттандыруға арналған USB розеткалар, анықтама мен ақпараттық тақта қойылды. Ғимаратта жүк, заттарды қалдыратын сақтау камералары, дәріхана, намазхана пайда болды. Автобустар мен пойыздарға арналған барлық кассалар бір жерде орналастырылды. Оларға қарама-қарсы көлік түрін көрсететін анықтамалық тақтайша бар. Екінші қабатта күту залынан бөлек балаларға арналған демалыс, ойнау алаңы және тамақтану орындары пайда болды. Үстіңгі қабатқа екі жеделсаты арқылы көтерілуге мүмкіндік бар. Бұл мүмкіндігі шектеулі адамдарға ыңғайлы болу үшін қарастырылып, жасалды.
Сондай-ақ вокзалға іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімі Асайын Байханов күрделі жөндеуден өткен ғимаратты көріп шығып, өзінің бағасын берді. Оның сөзінше, вокзалда жалдамалы жұмыс істейтін кәсіпкерлер жоғары деңгейде қызмет көрсету керек.
– Ендігі кезекте Екібастұздағы теміржол вокзалын жаңарту. Ғимарат қаланың кіреберісінде орналасқандықтан жолаушылардың ағымы үлкен болып келеді,– деді аймақ басшысы.
Асайын Байхановтың айтуынша, жұмыстар бойынша акционерлермен алдын-ала келісім жүргізілді. Сәуір айының соңына қарай мемлекеттік сараптама бойынша қорытынды шыққаннан кейін жөндеу басталады.
Айта кетейік, қаладағы алғашқы теміржол вокзалы жүз жыл бұрын – 1924 жылы салынды. Ал вокзалдың нақты бұл ғимараты 1981 жылы салынған болатын. KAZ Minerals тобының мәліметінше, күн сайын Павлодардан тоғыз теміржол бағыты бойынша пойыздар жүреді, ал вокзалға тәулігіне 1500-ден астам адам келіп, оның қызметтерін пайдаланады. 2022 жылы жалпы жолаушылар ағыны 570 мыңнан астам жолаушыны құрады. Ғимараттағы соңғы жөндеу жұмыстары шамамен 20 жыл бұрын жүргізілген.