Қазақстанда сәбіздің әрбір екінші келісін павлодарлық фермерлер өсіреді

Қазақстанда сәбіздің әрбір екінші келісін павлодарлық фермерлер өсіреді
Фото: Константин Шелков

Облыста 140 мыңнан астам жұмысшы шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Достық үйінде аймақ басшысы Асайын Байханов Павлодар облысының ШОБ өкілдерімен кездесу өткізді. 

–  Павлодар облысы – еліміздің белсенді дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Біз тұщы су қорына баймыз. Еліміздегі ең ірі өзен – Ертіс, атап айтқанда, 32 миллиард текше метрден астам су ағып жатыр. Облыс елдің индустриялық және минералды-шикізат индексінде жетекші орындардың бірін алады. Біз елдің барлық электр энергиясының 1\3 бөлігін, сондай-ақ 100 пайыз алюминий, 60 пайыз көмір, 56 пайыз ферроқорытпа, 32 пайыз отын өндіреміз, – деді облыс әкімі.

Облыста өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы белсенді дамып келеді. Павлодар облысы елімізде өндіріс көлемі бойынша  төртінші орында, өңдеу өнеркәсібі бойынша орында. Бұл елдің шикізаттық емес экспортының шамамен 12 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша өңір фирмалары 65 пайыз қарақұмық, барлық картоптың 1/4 бөлігін өндіреді. Қазақстандық сәбіздің әрбір екінші келісін павлодарлық фермерлер өсіреді.

– Осы жерде жұмыс істеуге және өз аймағына, жалпы елге пайда әкелуге ұмтылатындардың барлығына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Бұл – нағыз патриотизм. Сондай-ақ, еліміздің көршілес өңірлерінен соңғы төтенше жағдайлар кезінде көмек қолын созған кейбір кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін, – деді Асайын Байханов. 

Өңірде 140 мыңнан астам жұмысшы шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Тағы 80 мыңға жуық адам өнеркәсіп саласында қызмет етеді.