Бразилияда Павлодардың жеке амбассадоры пайда болды
Павлодарға Бразилиядан Жоау Оливейра дейтін жігіт қонаққа келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарға Бразилиядан Жоау Оливейра қонаққа келді. Ол қалада жүріп жергілікті көрікті жерлермен танысып қана қоймай, павлодарлық әуесқой футболшылармен бірге алаңға шықты.
Бразилиялық қонақ жергілікті ойыншылардың деңгейін жоғары бағалады. Әсіресе олардың физикалық дайындығы мен ойынға деген құлшынысы Жоауға ұнаған. Өз кезегінде ол Копакабана жағажайларындағы футболға тән ерекше дриблингін көрсетіп, көрермендерді тәнті етті.
Алайда Жоаудың Павлодар туралы әсері футболмен ғана шектелмеді.
- Бұл қаланың осындай таза әрі әдемі екеніне қатты таңғалдым. Әсіресе жағалауы маған өте ұнады. Мұндайды көремін деп күтпедім, — деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қалаға көңілі толған бразилиялық Павлодарды өз елінде таныстыруға ниетті екенін айтты.
- Мен Бразилияда Павлодардың елшісі болғым келеді. Бұл қала туралы барлығына айтып жүремін. Мұнда қаншалықты әдемі екенін көп адам білмейді деп ойлаймын, — деді Жоау.
Ал Жоаудың Павлодарға келуінің басты себебі — махаббат. Бразилиялық азамат қалаға павлодарлық қалыңдығына арнайы келген.