Павлодарлықтар үйсіз жануарларға көмектесе алады

Арнайы қорапқа жануарларға қажетті азықтар мен заттарды тапсыруға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ломов көшесі, 38 мекенжайында орналасқан Жастар бастамаларын дамыту орталығында үйсіз жануарларға қолдау көрсетуге арналған «ЗОО Достар: Из рук в лапы» атты қайырымдылық акциясы басталды.
Игі шара аясында орталықтың жертөлесінде арнайы қорап орнатылып, қала тұрғындары иттер мен мысықтарға арналған қажетті заттарды тапсыру арқылы өз үлесін қоса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жануарларға арналған азықтар, төсеніштер, көрпелер, ойыншықтар, ыдыстар, қарғыбаулар, дәретханаға арналған құм мен жаялықтар және басқа да керек-жарақтар қабылданады.
Акцияның мақсаты – үйсіз жануарлардың өмір сүру жағдайын жақсартуға үлес қосып, қоғамда жануарларға жанашырлық пен қамқорлық мәдениетін дамыту.
Ұйымдастырушылар барлық қала тұрғындарын бейжай қалмай, қайырымдылық шарасына атсалысуға шақырады.