Жүзден астам павлодарлық сотталған жылыжай кешенінде еңбек етуде
Олар сегіз сағаттық кестемен жұмыс істеп, айына 300 мың теңгеге дейін табыс табады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, №47 мекеменің 110 сотталғаны қазіргі уақытта Greenhouse Kaztomat жылыжай кешенінде көкөніс өсіру, өнімге күтім жасау, сапасын бақылау, сұрыптау, қаптау және жылыжайларға техникалық қызмет көрсету жұмыстарымен айналысып жүр. Барлық қызметкерлер арнайы киіммен, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Жұмыс орындары қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді.
Мекеме өкілдері атап өткендей, сотталғандар сегіз сағаттық жұмыс кестесімен еңбек етеді, демалыс күндері мен еңбек демалысына құқылы. Жылыжайдағы жұмыс айына 300 мың теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік береді. Бұл табыс отбасын материалдық тұрғыда қолдауға, қарыздар мен талап-арыздарды өтеуге жағдай жасайды.
Кәсіпорында еңбек ету сотталғандардың тәртіптілік пен жауапкершілігін арттырып қана қоймай, босатылғаннан кейінгі өмірге бейімделуіне септігін тигізеді. Олар кәсіби тәжірибе жинақтап, пайдалы дағдылар қалыптастырады. Көптеген бұрынғы сотталғандар бостандыққа шыққаннан кейін де осы кәсіпорында еңбек жолын жалғастырып, мұндай тәжірибенің тиімділігін дәлелдеп отыр.