Павлодар облысында жол қауіпсіздігіне қатысты бірқатар заң бұзушылық анықталды
Енді әрбір проблемалық учаске бойынша нақты шаралар қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оларды тергеу сапасына қатысты мәселелер талқыланды. Облыс прокуроры Алмат Байшулаковтың төрағалығымен өткен алқа отырысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кемшіліктер айтылып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілді.
Жиында жол-көлік оқиғалары жиі болатын учаскелерде профилактикалық жұмыстардың жеткіліксіз жүргізілетіні атап өтілді. Сонымен қатар, жол белгілері, бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларының есебін жүргізуде олқылықтар бар екені, қайталанатын жол апаттарының себептері мен орындарына жүйелі талдау жасалмайтыны сынға алынды.
Көлік оқиғаларына қатысты қылмыстық істерді тергеу сапасына да елеулі ескертулер айтылды. Атап айтқанда, тергеу барысында созбалаңдыққа салу, қылмыстық істерді уақтылы тіркемеу, тергеуді негізсіз тоқтату немесе қысқарту фактілері анықталған. Бұдан бөлек, процеске қатысушылардың өтініштерін тиісінше қарамау және электрондық қылмыстық істерді жүргізу кезінде заң талаптарын бұзу жағдайлары тіркелген.
Осыған байланысты алқа отырысының қорытындысы бойынша жол белгілеріне, бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларына толық түгендеу жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ апаттық-қауіпті қиылыстарды, жаяу жүргіншілер өткелдерін, қала сыртындағы автожолдар мен мектеп маршруттарын тексеру міндеттелді. Әрбір проблемалық учаске бойынша нақты шаралар қабылданып, оларды орындау мерзімі мен жауапты тұлғалар белгіленуі тиіс.
Облыстық полиция департаментінің басшылығына көлік қылмыстарын тергеу сапасына ведомстволық бақылауды күшейту, істердің созбалаңға салынуына және негізсіз процестік шешімдер қабылдануына жол бермеу тапсырылды. Сонымен қатар, прокуратура күшін жойған әрбір шешім бойынша тиісті тексеру жүргізу міндеттелді.