Данияр Жұмаділов: Павлодар өңірінің үкіметтік емес ұйымдары алдыңғы шепте
Биыл JEBE үшін табысты жыл болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінде қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың қатары жыл санап көбеюде. Олар әртүрлі бағытта елдің гүлдену жолында қызмет жасап келеді. Солардың бірі де бірегейі - «JEBE» қоғамдық бірлестігі.
Облыстағы рухани, мәдени, ұлттық бағыттағы шаруалардан «JEBE»-нің қолтаңбасын бірден көруге болады. Әсіресе, ономастика бағытында көше, елдімекен атауларын қазақшалау бағытында атқарған жұмысы орасан. Әлі күнге дейін осы бағытта жемісті еңбек етіп келеді.
– «JEBE» қоғамдық бірлестігінің мақсаты – бірінші кезекте салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды, қазақ руханиятын, оның ішінде мемлекеттік тілді дамыту. Қалаға келіп, студент болғалы бері алдымыздан шыққан мәселе - ол мемлекеттік тілдің жайы. Кім болса да, қай университетке барса да, мемлекеттік тіл жөніндегі мәселеге тап болып жатамыз. Содан бері атқарылып келе жатқан жұмыстың соңы «JEBE»-ге ұласты, - дейді «JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділов.
Бірлестіктің мұрындық болуымен тек облыс көлемі ғана емес халықаралық деңгейдегі атқарылып жатқан жобалары жетерлік. Мәселен, «JEBE»-нің алғашқы негізгі жобаларының бірі «Асық party»-ді ерекше атап өтуге болады. Одан қалды, ел танитын «Мен қазақпын» жобасы бар. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қарай өткізген бұл акцияны ел қолдап, Павлодардың, «JEBE»-нің жобасы деп Президенттің өзі атап өткені есімізде.
– Бұл ірі жобаларда негізгі бағыты жастардың тәрбиесіне, рухын көтеріп, ұлттық санасын оятуға арналған. Сондықтан да құрылғалы бері шалғай ауылдарды, аудан-қалаларды аралап, жастармен жүздесіп келеміз. Осыған қатысты жеке бастамаларымыз бар. Мысалы, жастардың шығармашылығын дамытуда біздің жастар тәрбиесіне бағытталған «Ұлт болашағы - ұрпақ тәрбиесі», «Абыз ақсақал» сияқты жобалар жетерлік. Әр жылда бірнеше жобадан жүзеге асыруға тырысамыз. Мәселенің барлығы мұндай бастамалармен шектеліп қалмайды. Қоғамдық бірлестік болғаннан кейін қоғамның өміріне етене араласуға тырысамыз. Айналамызда нендей жаңалық, өзгеріс болса «JEBE» сол ортадан табылады,– дейді төраға.
«JEBE»-нің негізгі атқаратын жұмыстарының қатарына ұлттық спортты дамыту кіреді. Соның ішінде облыстық жекпе-жек федерациясы да «JEBE»-нің жігіттерінің қарамағында. Бұған дейін оны Жарқынбек Амантайұлы басқарған болса, бүгінгі таңда бұл міндетті Данияр Жұмаділов өз қолына алған. Мақсатымыз ұштасқаннан кейін екі ұйымды қатар алып жүрген жайымыз бар деп атап өтті спикер.
– Жекпе-жек – қанымызға, жанымызға жақын спорт түрлерінің бірі. «Майданда шыңдалған» қазақ деп айтып жатамыз, соның нақ көрінісі - осы жекпе-жек. «Дала көкжалдары» - жекпе-жек спортының бренді. Оны сеніммен айта аламыз. Өйткені, үш жыл қатарынан «Дала көкжалдарын» түрлі деңгейде өткізудеміз. Балалар мен жасөспірімдерге көп көңіл бөлеміз. Себебі, ересек спортшылар өз деңгейінде спортқа қатысып, белгілі бір жетістікке жетіп, қоныс аударып жатады. Бізбен бірге қалатын, болашағымыз балалар мен жасөспірімдер екенін түсіндік. Оларға қолдау көрсету арқылы, жас буынның қанаттары қатайып, алға самғайтындарын ұқтық. Чемпиондық белдік тағайындалып, үлкен шоу деңгейінде ұйымдастырып жатырмыз. Бұл бастамамыз - Қазақстандағы спорттық шаралардың бірі,– деді ол.
Қоғамдық бірлестік төрағасының айтуынша, бұған дейін жекпе-жек сынды спорттық жарыстар жай ғана өз қабілетін көрсетіп, марапатын шешу үшін өткізілген болса, бізде соңына дейін чемпиондық белдігіне таласып барады. Бұл жарысқа қатысып жатқан жасқа демеу, спортқа қатысып, белдікті алған баланың көз жанарынан рухты көруге болады. Біз үшін бұл - нәтиже.
Қазір республика бойынша көпшілік спортты дамытуда әртүрлі шаралар қолға алынуда. Оның ішінде жекпе-жек, бокс, жүгіру, жүзу, футбол барлығы бар. «JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы жекелей жекпе-жекте қолдаудың кенде қалып жатқанын атап өтті.
– Жеке федерация ретінде мемлекет тарапынан ешқандай қаржы алмаймыз. Бірақ, спорт басқармасы арқылы қаражаттар бөлінеді. Біздің спорт басқармасында қате жүйе қалыптасқан. Жекелей федерацияларды бір құрамға бағындырып қойған құжат бойынша. Ондай болмауы керек. Мәселен, «Жекпе-жек» ассоцациясы бар. Соның құрамына таэквондо, қоян-қолтық ұрыс федерацияның барлығын бағындырған. Сәйкесінше, қаражатын да содан алдырады. Мысалы, біз қолдау сұрасақ белгілі бір федерацияның құрамына еніп, содан соң алыңдар дейді. Бір тәуелсіз федерация екіншісіне бағынбайтыны белгілі. Онымен қоса, біздің федерация ұлттық спорт болғаннан кейін басқа ұйымға барып, басымызды иіп қосыла алмаймыз. Сондықтан да басқарма тарапынан үлкен кедергі жасалуда. Сол себепті біз жекпе-жекті дәл «JEBE» секілді өз қаражатымызға, өз күшімізбен дамытып келе жатырмыз,– деп атап өтті спикер.
«JEBE»-ліктер мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы бастамасын шартты түрде «Тіл Trend» атаған. Бүгінде қазақ тілін үйреніп жатқан, үйренуге ниетті азаматтардың айтатындары - «қазақ тілінде сөйлейтін ортам жоқ» деп жатады.
– Тілімді тәжірибе жүзінде бекіте алмаймын, айналамның барлығы орысша сөйлесе, менен неге тілді талап етесіздер». Осыны ескере отырып, тілдік орта қалыптастыруды қолға алдық. Ол кәдімгі кеңсе, бөлме бола ма, оны осы тіл төңірегінде жабдықтаймыз. Бірақ оның басты ерекшелігі, тілдік грамматика, лексика тұрғысынан сөз жаттатып үйретпейміз. Бұл жерге келген адам өзін тәжірибелік тұрғыда шыңдайды. Кез келген уақытта келіп, табалдырықтан аттап, осында қазақша сөйлейді. Қазақша сөйлейсің, басты талап осы. Ол жерде ешкім қазақша сөйлеп үйренушіге күлмейді, керісінше, қатесін түзетіп, үйретеді. Кинофильмдер көру, видео, аудио тыңдау, тіпті, ойындар арқылы қазақ тілін дамытуды көздеп отырмыз. Осындай бір ірі жобаларымыз бар. Бұдан бөлек, басқа да ірілі-ұсақты бастамалар көзделген. Уақыты келгенде оны да айта жатармыз,– деді Данияр Жұмаділов.
Азаматтық қоғамның ел дамуында алатын рөлі өте жоғары. Алысқа бармай-ақ, Павлодар өңірін алсақ, біздің өзімізде үкіметтік емес ұйым саналатын жүздеген қоғамдық бірлестік бар.
– Оның әрқайсысының атқаратын бағыттары әртүрлі. Мәселен, экология, заң, жемқорлыққа қарсы, жастардың, мүмкіндігі шектеулі балалардың тәрбиесімен, әлеуметтік осал топтармен тікелей айналысады. Оның барлығының атқарып жатқан жұмысы орасан. Бұл бірлестіктер болмаса, жалғыз мемлекеттік мекеменің қолынан ештеңе келмейді. Кейде мемлекеттік органдар атқара алмайтын жұмыстарды үкіметтік емес ұйымдар істейді. Оны біз жақсы түсінуіміз керек. Азаматтық қоғамсыз қоғамның дамымайтынын кез келген адам мойындайды. Енді, бізде мақтанышпен айтуға болатын жайт, Павлодар өңірінің азаматтық қоғамы үкіметтік емес ұйымдары, республикада алдыңғы шепте. Санымыз бен сапамыз бойынша үздіктердің қатарындамыз. Сондықтан, бұл саланың аяқ алысы өте жақсы,– деді спикер.
Айта кетер жайт, биыл JEBE үшін табысты жыл болды. Өйткені JEBE-нің шекпенінен шығып, түлеп ұшқан біраз азаматтар үлкен жетістікке жетті. Соның бірі- Жарқынбек Амантайұлы. Ол JEBE-нің негізін қалаушылардың бірі. Бүгінде қоғамдық жұмыстарының нәтижесінде, ҚР Мәжілісіне жолдама алды. Облыстық деңгейде Асылбек Туғанбай, Маханбет Амангелді сияқты жігіттер облыстық мәслихатқа депутат болды. Аудандық деңгейде де біраз азаматтар жетістікке жетіп жатыр. Осы жыл саяси тұрғыдан алғанда «JEBE» үшін табысты жыл болды.