Павлодарлық жастар қазақтың аяулы ақынының «Махаббат диалогын» сахналады
Ақынның 85 жылдығына арналған «Қазақтың сүйікті ақын қызы» атты әдеби-сазды кеш ұйымастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Фариза Оңғарсынова өткен ғасырдың 70 жылдары дауылды жырларымен қазақ поэзиясына енді. Атырау өңірінің мақтанышы өзінің дүниетанымымен, қайталанбайтын өршіл мінезімен өлеңді өлшеусіз биікке көтеріп, қазақ әдебиетін, көркем сөзін әлемдік кеңістікке танытты.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өткен кешке ҚР Ішкі істер министрлігінің оқу орталығының тыңдаушылары, 5512/ әскери бөлімнің сарбаздары мен студенттер қатысты.
Әдеби-сазды кеш болғандықтан, тыңдармандарға ашық микрофон ұсынылып, сүйікті ақынның өлеңдерін оқуға мүмкіндік туды.
– Фариза – бүкіл қазаққа ортақ ақын. Оны оңтүстік те, солтүстік те, батыс та, шығыс та өзімнің ақыным деп есептейді. Фаризаның ұлылығы да, бақыты да, кемеңгерлігі де, ұрпақтарының поэзиясының өміршеңдігі де осыдан деп ойлаймын, – дейді ұйымдастырушы, облыстық кітапхананың абонемент бөлімінің басшысы Бақытжан Мұқашева.
Кеште ақынның жүрек тербеген жырлары мен сол жырлардан туған әндер орындалды. Атап айтқанда, қатысушалар «Қыздар-ай» әнін тамылжыта орындап, «Махаббат диалогын» сахналады, «Әкеге» арнау, «Сен менің жанарымның ішіндесің», «Айша бибі» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Сондай-ақ, ақиық ақын М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Фариза, Фариза жан...» әнін Мақпал Жүнісованың орындауындағы бейне-ролик назарға ұсынылып, Фариза Оңғарсынованың туындылары мен шығармалары топтастырылған көрме паш етілді.