Мас әйелдер: Екібастұзда полицияға түсетін шақыртулар көбейді

Мас әйелдер: Екібастұзда полицияға түсетін шақыртулар көбейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері детоксикация орталығына жеткізілген азаматтардың 15 пайызы әйелдер, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз полициясының кезекші бөліміне тәулік ішінде мас күйдегі әйелдер туралы күн сайын 1-ден 3-ке дейін хабарлама келіп түседі. 

Мысалы, «бұрынғы жұбайым мас», «анам үйде мас», «қоғамдық орында өзін ұстай алмай тұрған әйел» немесе «орындықта жатқан әйел, жағдайы белгісіз» сияқты шақыртулар жиі тіркеледі. Шақырту келіп түскен сәтте оқиға орнына жақын маңдағы патрульдік полиция немесе учаскелік инспектор дереу жіберіледі. Егер адам орташа немесе жеңіл дәрежеде мас болса, ол Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына (УБжДО) жеткізіледі. Ал мас болу дәрежесі ауыр болса, жедел медициналық көмек шақырылады, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ағымдағы жылдың 7 айында Екібастұз қаласында мас күйінде болған 1314 азамат УБжДО-ға жеткізілген, оның ішінде 200-ден астамы – әйел адамдар. Әрбір құқық бұзушыға қатысты алкогольдік ішімдіктер ішу және қоғамдық орында мас күйінде болу фактілері бойынша әкімшілік іс материалдары толтырылды.

Ведомствода атап өткендей, айықтырғышқа жеткізілген азаматтар полицияның жетондары мен бейнебақылау камераларындағы жазбалардан өздерінің мас күйіндегі әрекеттерін көре алады. Сонымен қатар, олардың туыстары да бұл жағдайдың куәсі болып, құқық бұзушының жағымсыз мінез-құлқы олардың есінде ұзақ уақытқа сақталады.