Дарын мен білім додасы: Павлодарда облыстық пән олимпиадасы қорытындыланды

Дарын мен білім додасы: Павлодарда облыстық пән олимпиадасы қорытындыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстық пән олимпиадасы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс дарыны» өңірлік орталығының басшысы Азамат Шаймұраттың айтуынша, аталған олимпиадаға облысымыздан 708 оқушы қатысқан. 

Олимпиада жалпы білім беретін 15 пән бойынша өткізілді. Оған негізінен 9, 10 және 11-сынып оқушылары қатысады. Дегенмен, оқу бағдарламасын меңгерген төменгі сынып оқушыларына да жоғары сыныптар атынан қатысуға мүмкіндік берілген. Осыған байланысты биыл жеңімпаздар мен жүлдегерлер арасында ең жас қатысушылар номинациясы енгізілді. Бұл номинация бойынша дарынды балаларға арналған №3 гимназияның екі оқушысы және Абай атындағы гимназияның бір оқушысы марапатталды. Аталған оқушылар 6-сыныпта оқи отырып, 9-сынып бағдарламасы бойынша қатысқан.

– Мен олимпиадаға француз тілі пәні бойынша қатыстым. Француз тілін үшінші сыныптан бастап оқып келемін. Бұл тіл маған өзінің әсемдігімен, әуезділігімен ерекше ұнайды. Француз тілінде көптеген керемет әндер бар, сол себепті оны үйрену мен үшін әрдайым қызықты. Болашақта Франция елінде киім дизайнері болуды армандаймын. Бұл тіл алдағы уақытта оқуымда да, кәсіби жолымда да маңызды рөл атқарып, армандарыма жетуге септігін тигізеді деп ойлаймын, – дейді №3 гимназияның оқушысы Әйгерім Салимова.

Қатысушылар саны бойынша ең көп оқушы ағылшын тілі пәнінен бақ сынады. Аталған пән бойынша 9-11-сыныптардан шамамен 100-ге жуық оқушы қатысқан.

Ең қызықты әрі мазмұнды пәндер қатарында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер ерекше аталды. Бұл пәндерде бірінші турмен қатар екінші турда практикалық-тәжірибелік кезең өткізілді. Атап айтқанда, физика мен химия пәндері бойынша оқушылар тәжірибелер жасап, күрделі есептер шығару арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Олимпиаданың жабылу салтанатында 324 оқушы бірінші, екінші, үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталды. Оның ішінде 56 оқушы бірінші орын иегерлері атанды.

– Республикалық кезеңге негізінен бірінші орын алған оқушылар жолдама алды. Алайда кейбір пәндер бойынша ұпайлар тең болған жағдайда бірнеше бірінші орын иегері анықталуы мүмкін. Мұндай жағдайда республикалық ақтық сынға ең жоғары балл жинаған абсолютті жеңімпаздар қатысады. Кей пәндерде ұпайлары тең түскен екі-үш оқушы арасында қосымша іріктеу сынақтары өткізіледі, – деді Азамат Шаймұрат.

Оның айтуынша, өткен жылы облысымыз республикалық олимпиадада 42 жүлде иеленсе, биылғы жылы 50-52 жүлде аламыз деген үміт бар.

Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 11-сынып оқушысы Назира Тулеу қазақ тілі және әдебиеті пәнінен екінші жыл қатарынан үздік атанды. 

– Олимпиада тапсырмалы алдынғы жылға қарағанда қиынырақ, тарсырмалары күрделі болды. Дегенмен, республикалық кезеңнен үмітім бар. Бұл жарыс мамандық таңдауыма үлкен әсер етті деп айта аламын. Болашақта қазақ тілі пәні мұғалімі болғым келеді, – дейді Назира Тулеу. 

Республикалық олимпиада еліміздің 15 қаласында өтеді, себебі қатысушылар саны өте көп. Пәндер бағыттар бойынша бөлінген. Мысалы математика мен география – Алматы қаласында, биология мен химия – Астана қаласында өтеді. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер наурыз айында, ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер сәуір айында ұйымдастырылады.

Айта кетерлігі, жыл сайын облыстық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне өңіріміздегі жоғары оқу орындарының білім беру гранттарын табыстау игі дәстүрге айналған. Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті физика, математика, биология, география, информатика және орыс тілі пәні бойынша жеті білім беру грантын бөлді.