Шарбақты ауданындағы білім беру ұйымдарының жағдайы талқыланды

Шарбақты ауданындағы білім беру ұйымдарының жағдайы талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстық білім басқармасының басшысы Әйгерім Әбенова Шарбақты ауданына жұмыс сапары барысында білім беру ұйымдарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Педагогтер, ата-аналар және жергілікті қауымдастық өкілдерімен кездесу барысында мектептердегі оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру, білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасы, шағын орталықтардың жұмысы және мектеп жанындағы интернаттардың жағдайы талқыланды.

Сапар аясында Шалдай жалпы орта білім беру мектебіне де барылды. 

– Мұнда ата-аналар тарапынан көтерілген негізгі мәселелердің бірі – мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі. Бұл мәселе мектепті одан әрі дамыту жоспарын қалыптастыру кезінде міндетті түрде ескерілетін болады, – деді Әйгерім Әбенова.

Сонымен қатар, мектеп жанындағы шағын орталықтың жұмысы қаралды. Мұнда балалардың тәрбиесі мен дамуына қолайлы жағдай жасалған. Кездесу барысында дамытушы ортаны жетілдіру және ойын материалдарын жаңарту мәселелері де сөз болды.

Білім басқармасының басшысы мектеп өміріне белсенді араласып, қолдау көрсетіп жүрген ата-аналар мен Ақсақалдар кеңесінің мүшелеріне алғысын білдірді.

Сондай-ақ жұмыс сапары кезінде оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру және мектеп жанындағы интернаттың жаңа оқу жылына дайындығы бақылауға алынды. Барлық дайындық жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, балалардың жаңа оқу жылын қауіпсіз әрі жайлы жағдайда бастауына қажетті жағдай жасалатыны атап өтілді.