Павлодарлықтар Испанияда өтетін STEM олимпиадасын бағындырмақ

Академиялық сайыс шілде айында Барселонада ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қатысушылар наурыз айында «Білімдегі инновациялар – 2024» STEM олимпиадасының финалистері арасынан іріктелді. Халықаралық кезеңнің қорытындысы бойынша Қазақстан намысын сегіз дарынды оқушы қорғайды. Олардың қатарында үш павлодарлық – Арман Әубәкір, Жәнібек Нұрхамитұлы және Танат Әлихан.
Қазіргі уақытта оқушылар олимпиадаға белсенді дайындық үстінде. Олар инженерия, бағдарламалау, 3D модельдеу және робототехника бағыттары бойынша сынға түседі.
@Pavlodarnews.kz тілшісі олимпиада қатысушыларымен тілдесіп, аз-кем әңгімеге тартты.
Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Танат Әлихан халықаралық кезеңге өту үшін түрлі саладағы білім көкжиегін кеңейтіп, тыңғылықты дайындалған.
– Ең қиын сынақтардың бірі – әр раундқа жеке тәсіл мен жедел техникалық тексеруді қажет ететін робобаттлдар болды. Маған STEM бағыттарының ішінде робототехника жақын. Арнайы дайындық әдістемесі жоқ, тек таңнан кешке дейінгі тәжірибелік дағдыларды дамыту керек. Оқу барысында маған тәлімгерлер көмектесті. Осы олимпиадаға ұстазым Азамат Жүнісовпен бірге барамыз, – дейді Танат.
Оқушы техникалық дағдылармен қатар, сыни ойлау қабілеті мен Еуропадағы әріптестерінен алатын білімнің маңыздылығын атап өтті.
– Германия және Франциядан келген оқушылармен танысқым келеді. Мені робототехникадағы заманауи технологиялар мен нейрожелілердің мүмкіндіктері шабыттандырады. Бұл олимпиада маған тек білім мен тәжірибе ғана емес, басқа елдерден келетін бәсекелестермен байланыс орнатсам деген үміт бар, – дейді Танат.
Танаттың сыныптасы Жәнібек Нұрхамитұлы олимпиадалардағы оқушылардың жеңісінен шабыт алып, іріктеу кезеңінде бағын сынауға шешім қабылдаған. Оған ақпараттану пәні жақын. Осы бағыттағы мол тәжірибесі мен білімі оған Барселонаға жолдама жеңіп алуға көмектесті.
– Мен Германия мен АҚШ командаларымен кездесуді тағатсыздана күтіп жүрмін. Германия ақпараттану саласында сапалы білім беру жүйесімен танымал, ал америкалық қатысушылар жоғары білім деңгейімен әлемге танымал. Әсіресе, IT саласы қарыштап дамыған. Мені Boston Dynamics роботтарының тепе-теңдікті сақтау және жануарлар секілді қозғалу қабілеті таңқалдырады. Мұндай технологиялар STEM олимпиадасының болашағы жарқын екенін дәлелдейді, – дейді Жәнібек.
Арман Әубәкір STEM олимпиадасының бағыттары бойынша білім алуға құштар. Сондықтан, бұл зияткерлік сайысқа қатысуға шешім қабылдаған.
– Компьютерлер мен бағдарламалауға бала кезімнен қызығамын. Сонымен қатар, математика мен физика пәндері де IT саласы сияқты жаныма жақын. Ал инженерия бағыты мен үшін алыстау, өйткені микросхемалар және сызбалармен жұмыс істеу бойынша тәжірибем аздау. Олимпиадаға дайындық барысында математика мен физикаға баса назар аударамын, – деп түсіндірді Арман.
Арманның қарсыластарына қатысты өз таңдауы бар. Ол Үндістан мен Қытайдан келген оқушылармен зияткерлік жарыста бақ сынағысы келеді.
– Бұл елдер техникалық пәндер бойынша мықты. Мысалы, үндістандық оқушылар STEM олимпиадасының өткен кезеңдерінде жоғары білім деңгейін көрсетті. Осы мүмкіндікті пайдаланғым келеді, – деп бөлісті Арман.
Олимпиадаға қатысатын үш оқушы да тек пәндік білім мен тәжірибе Барселонада шешуші рөл атқармауы мүмкін деген ойда. Ең маңыздысы – бейімделе білу, күтпеген жағдайларға дайын болу.
Олимпиада 9 шілдеде басталады және 130-дан астам елден келген қатысушылардың басын қоспақ. Жарыс барысында оқушылар математика, ғылым, технология және инженерия салаларындағы білімдерін көрсетіп, кодинг-челлендждер мен шығармашылық кезеңдерге қатысады.
Бұл дәстүрлі олимпиада емес. Байрақты бәсекеде ғылыми орталықтарда тәжірибелік сынақтар мен дайын эксперименттерге қатысуды қамтитын инновациялық формат ұсынылады. Жеңімпаздар 14 шілдеде белгілі болмақ.