Египет Қазақстанға тікелей рейстерді іске қосады
Мемлекет басшысының халықаралық рейстер санын ұлғайту, сондай-ақ «ашық аспан» режимін іске асыру жөніндегі тапсырмасы аясында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Египеттің авиациялық билік орындарымен бірлесіп «Air Cairo» египеттік әуе компаниясының Қазақстанға тұрақты жолаушылар рейстерін ашу мәселесін пысықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осылайша, «Air Cairo» әуекомпаниясы А-320 типті әуе кемелерінде Астана – Шарм-эль-Шейх бағыттары бойынша 2023 жылғы 13 наурыздан бастап аптасына 2 рейс жиілігімен (дүйсенбі және жұма) және Алматы – Шарм-эль-Шейх бағыттары бойынша 2023 жылғы 14 наурыздан бастап аптасына 2 рейс жиілігімен (сейсенбі және сенбі) тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастауды жоспарлап отыр .
Бұл әуе компания әлемнің 20-дан астам еліне (Армения, Дания, Австрия, Әзербайжан, Франция, Грузия, Германия, Венгрия, Италия және т.б.) 50 бағыт бойынша халықаралық рейстерді орындайды.
Әуе компания паркінде Airbus A320, A320neo, ATR 72 және Embraer 190 типті 19 әуе кемесі бар.
Қазақстан мен Египет арасындағы әуе қатынасының ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.