Екі театр труппасы екібастұздықтарға қойылымдарын ұсынады
Олар «Өнер» қалалық мәдениет сарайының үлкен сахнасында шеберліктерін көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында қараша айының соңына қарай елордадан келген «Қанаттылар» инклюзивті театрының бірқатар әсерлі қойылымдары өтеді. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жұмыс істейтін бұл театр ерекше қажеттілігі бар жандарды шығармашылыққа тартып, инклюзивті мәдениетті дамытуға үлес қосып келеді.
15 қараша күні сағат 18:00-де Екібастұз қаласындағы «Өнер» қалалық мәдениет сарайының үлкен сахнасында театр көрерменге «Екі тағдыр – бір өмір» атты автобиографиялық драмасын ұсынады. Қойылым өмірдің қиындықтарына қарамай, күресе білген адамдардың шынайы оқиғасына негізделген.
– Сахнаға арбада қозғалатын, есту немесе көру қабілеті шектеулі болса да, өнерге деген махаббаты ерекше актерлер шығады. Ұжымның айтуынша, спектакль – тек өнер туындысы ғана емес, көрерменге ой салатын, адам жанының беріктігін айқындайтын өмірлік сабақ, – дейді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ Аймауытов театры да қапы қалмай, Екібастұз қаласына қонаққа баратынын хабарлайды. Олар 19 қараша күні 12:00-де «Отпен ойнама», ал сағат 17:00-де «Мұғалім» спектаклімен шығады.