Екінші Павлодар мен «Достық» шағын ауданына түсетін трамвай жолының бірнеше болжамды нұсқасы бар
Кейін бұл нұсқалар Екінші Павлодар тұрғындарының келісуіне ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзаипов өзінің Instagram парақшасында жазды.
- Аймақ басшысы Асайын Байхановтың @asaiyn.baikhan тапсырмасы бойынша «Екінші Павлодар» және «Достық» шағын аудандарына дейін трамвай жолдарын салу мүмкіндігін қарастыру мәселесі бойынша трамвай басқармасымен бірлесіп жиналыс өткіздік. Бізде жолдарды салудың бірнеше болжамды нұсқасы бар. Әуелі жерасты коммуникациялардың орналасуын пысықтау керек, - дейді қала басшысы.
Кейін бұл нұсқалар облыс басшылығы мен «Екінші Павлодар» тұрғындарының келісуіне ұсынылатын болады.
Айта кетелік, облыс әкімі Асайын Байханов трамвай жолдарын Екінші Павлодар мен Достық шағын ауданына дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жасаған сапары барысында көліктің бұл түрін сақтап қалу керектігін айтқан еді.
Ол үшін жолдарды, кабельдік және байланыс желілерін, тартқыш қосалқы станцияларды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл облыс орталығында тағы сегіз трамвай өткелі жөнделуде.
Қолда бар 111 вагонның тек 30-ның нормативтік пайдалану мерзімі асқан жоқ. Ал 70-ке жуық трамвай ауыстыруды қажет етеді.
Асайын Байханов жаңа вагондар сатып алу және қаржыландыру көздерін таңдау бойынша ұсыныстарды 15 ақпанға дейін беруді тапсырды.
Осы мерзімде жауапты тұлғалар Достық шағын ауданы бойынша трамвай тармағын салудың орындылығын негіздеуі тиіс.