Павлодарда ҰОС қатысушысы туралы жазылған кітаптың тұсауы кесілді

Павлодарда ҰОС қатысушысы туралы жазылған кітаптың тұсауы кесілді
Фото: Автор

Махмет Қайырбаевтың ұлы әкесі жайында кезекті туындыны жарыққа шығарған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Достық үйінде» Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 80 жылдығына орай және Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың 100 жылдығына арналған «Өмірі мен өшпес ерлігі» атты іс-шара өтті. Кездесуді кітаптың авторы, батырдың ұлы Мұрат Қайырбеков ашты. Ол кітаптың қалай жарық көргені туралы баяндады.

Шараға батырдың туысқандары, өңіріміздегі Ассамблея жастары, аналар кеңесінің мүшелері, ақсақалдар кеңесі және студенттер қатысты.

–   Мен өзім Ішкі істер минстірлігінде жұмыс істедім. Әкем туралы біз білгенімізбен, кейінгі ұрпағымыз түсінсін деген оймен арнайы тарих беттерінен іздеп, әкеммен замандас кісіледерден сұрап, жазып шықтым, – дейді Мұрат Қайырбеков.

Батырдың ұлының айтуынша, өзінің мамандығы әкесінің өткені туралы іздеуге көп көмектескен. Кітапта әкесінің өмірі және өздерінің бала кезіндегі естен кетпес шақтары жазылған. Бала шағындағы отбасымен бірге өткізген ашаршылық уақыттарын да кітапқа енгізгенін жеткізді. Ол Кеңес Одағы Батыры өмірбаянын жиырма жылдан бері зерттеп келеді.

Махмет Қайырбаев соғыс жылдарында 712-ші танкке қарсы артиллериялық полктің командирі болды. Соғыстан кейінгі кезеңде ол Краснокутск аудандық партия комитетінің хатшысы, Қағанов аудандық еңбек депутаттары Кеңесінің атқару комитетінің төрағасы, Павлодардағы партия облыстық комитетінің екінші хатшысы, Халық депутаттары облыстық атқару комитетінің төрағасы секілді басшылық лауазымдарды атқарды.