Екібастұзда киберқауіпсіздік бойынша ашық дәріс өтті
Тәртіп сақшылары интернеттегі тұзақтарды танудың жолдарын үйретуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Екібастұзда интернет қауіпсіздігіне арналған дәріс өтті. Жергілікті колледж студенттері киберқылмыс саласының сарапшыларымен кездесті. Жастар алдында киберполиция қызметкерлері мен Павлодар облысының киберқауіпсіздік жөніндегі өңірлік жобасының үйлестірушілері сөз сөйледі.
Кездесудің басты тақырыбы — дропперлік. Мамандар банк картасын «жалға беру» немесе күмәнді ақша аударымдарына көмектесу оңай табыс емес, керісінше қылмыстық схемаға тікелей қатысу екенін түсіндірді. Мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
– Біз нақты мысалдар арқылы фишингтің не екенін, жалған сілтемелерге қалай алданбау керектігін, неге шынайы қызметкерлер ешқашан жеке деректерді сұрамайтынын, сондай-ақ тиімді ұсыныс болып көрінетін алаяқты қалай тануға болатынын түсіндірдік. Бүгінде цифрлық сауаттылық — бұл тек смартфонды пайдалану емес, өзіңді және ресурстарыңды қорғау қабілеті, – деді криминалдық полиция бөлімінің кіші жедел уәкілі Әділ Мұханов.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер тек дәріс тыңдап қана қоймай, нақты жағдайларды талқылап, манипуляцияларды анықтауды үйренді және интернет-алаяқтардан қорғану жолдарын ұсынды. Онда банк карталарын ешкімге бермеу, күмәнді сілтемелерді елемеу және жеке әрі банктік деректердің құпиялығын сақтау керектігі ескертті.