Павлодар облысында миграциялық заңды бұзған жүзден астам шетелдік елден шығарылды
Бұл – ағымдағы жылдың он бір айында атқарылған жұмыстың нәтижесі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір аумағында осы кезеңде тұрақты тұруға рұқсаты бар 1280 және уақытша тұруға рұқсаты бар 9136 шетелдік тіркелген.
Жауапты қызметкерлер виза беру, уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсат беру үшін құжаттарды қабылдау кезінде шетелдіктердің ел аумағында болу заңдылығын мұқият тексереді. Миграциялық заңнаманы бұзу фактілері анықталған жағдайда, дереу тиісті шаралар қабылданады.
Жыл басынан бері шетелдіктерге қатысты түрлі құқықбұзушылықтар бойынша 2001 әкімшілік материал толтырылған. Бұдан бөлек, полиция департаменті алимент төлемеген 180 борышкерді анықтады және облыстың 121 758 тұрғынын жеке куәлік және паспорттармен құжаттандырды. Сондай-ақ, жыл басынан бері шетелдіктерге 1293 виза берілген.
Департамент облыс тұрғындары мен қонақтарын елдің миграциялық заңнамасын қатаң сақтауға шақырады.