Павлодар облысында кәсіби біліктілікті тану орталығы ашылады

Орталық ресми түрде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аттестатын алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Арнайы жұмыс тобы Ақсу ферроқорытпа зауытында кәсіби біліктілікті тану орталығын ашуға дайындық барысын тексеру үшін барды.
Бұған дейін Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасына «ERG Service» ЖШС-ның кәсіби біліктілікті тану орталығына аккредитация алу жөнінде өтініші түскен болатын.
Болашақта «ERG Service» ЖШС жанынан ашылатын кәсіби біліктілікті тану орталығы жеті мамандық бойынша біліктілікті растайтын болады: ферроқорытпа балқытушысы, матаушы, кран машинисі, металлургиялық өндіріс кранының машинисі, электргазбен дәнекерлеуші, автоматты және жартылай автоматты машиналарда жұмыс істейтін электргазбен дәнекерлеуші, аргон ортасында қолмен доғалы дәнекерлеу шебері. Бұл мамандықтардың барлығы тау-кен металлургиясына, өңдеу өнеркәсібіне және құрылыс саласына жатады.
Регламентке сәйкес, кәсіпорын сарапшыларға қажетті барлық құжаттарды career.enbek.kz порталында ұсынды. Жұмыс тобы құжаттардың Ұлттық кәсіпкерлер палатасының регламент талаптарына сай екенін растады. Сондай-ақ, жұмыс тобы Ақсу ферроқорытпа зауытының басқару ғимаратындағы «Ферроқорытпа өндірісі» жаттығу құрылғысына арналған кабинетті қарап, өз қорытындысын берді.
– Ғимарат, оның ішінде жаттығу кабинеті мен орталық жұмысына қажетті жабдықтар, орталықты іске қосу туралы келісімшарттағы мүлік тізіміне толық сәйкес келеді. Үміткерлердің кәсіби стандарт пен біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру үшін арналған оқу полигоны қажетті техникамен жабдықталған. Практикалық тапсырмаларды орындауға жұмыс орындары қарастырылған. Орталық жалпы алғанда жұмысқа дайын, – деп атап өтті Атамекен» өңірлік палатасының директоры Ерқанат Абенов.
«Атамекен» ҰКП орталық аппараты мен өңірлік палата бұл кәсіпорын үшін орталықты ашу және оның құқықтық рәсімделуі бойынша ауқымды жұмысты тегін жүргізіп отыр.
Кәсіби біліктілікті тану орталығы 2025 жылдың соңына дейін ашылады деп жоспарлануда. Орталыққа жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін оқытуға келуге болады, ал егер жеке өзіңіз біліктілігіңізді растау үшін жүгінсеңіз төлем жүргізіледі.