Екібастұз қалалық мешітінде отбасы тақырыбында ауқымды семинар өтті

Екібастұз қалалық мешітінде отбасы тақырыбында ауқымды семинар өтті
Фото: Әйел-қыздар секторының инстаграм парақшасынан

Іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілішісі. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Аталмыш жиында отбасының құндылықтары, әйел мен ердің міндеттері, ата-ананың балаға беретін тәлім-тәрбиесі туралы уағыз айтылды. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде үлгі болған асыл аналардың және қазақ халқының тарихында қалған ардақты әжелеріміздің даналығы туралы сөз етілді. 

– Ислам дінінде отбасы бірлігіне айырықша маңыз берген. Сол себепті, осы тақырыпты негізге алдық. Отбасы исламда баға жетпес құндылықтар ретінде әспеттеледі, – дейді «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Ақерке Тұрғынбай. 

Оның айтуынша, қоғам отбасыдан басталатындығын ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жете түсініп, тұтас қоғамды таза ұстаудың бірден-бір кепілі – отбасы тәрбиесі мен жанұя құндылықтарында екендігіне маңыз берген.

Сонымен қатар, іс-шарада ақ жаулықты әжелер ұстаздарға және әйел жамағатына бата беріп, рухани тәрбие кездесу үшін алғыс білдірді.