Екібастұз әкімі оқушыларға 2025 жылғы жоспарлар туралы айтты

Екібастұз әкімі оқушыларға 2025 жылғы жоспарлар туралы айтты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кеншілер қаласында «Ел баласы» жобасы аясында оқушылармен кездесулер жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин №7 мектепке барып, жоғарғы буын сыныптарының 100-ден астам оқушысымен кездесті. 

Балалармен өңірдің даму перспективалары, 2025 жылға жоспарланған іс-шаралар, сұранысқа ие мамандықтар, сүйікті кітаптар, бос уақыт және тағы басқасы туралы әңгімелестік, – деп жазды Аян Бейсекин инстаграм парақшасында.

Жастар саясаты, өскелең ұрпаққа арналған іс-шаралар, спорттық инфрақұрылымды дамыту, белгілі спортшылармен кездесулер ұйымдастыруға қатысты көптеген сауалдар қойылды. 

– Бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес, алайда біз балалардың ұсыныстарына міндетті түрде құлақ асатын боламыз, – деді шаһар басшысы.

Айта кетерлігі, «Ел баласы» жобасы өңірімізде мектеп оқушыларының жергілікті атқарушы, құқық қорғау, мемлекеттік органдар басшыларымен, ірі кәсіпорын басшыларымен, кәсіпкерлермен және депутаттармен тікелей жүздесіп, әңгімелесудің тамаша мүмкіндігі болып табылады.