Екібастұзда 10 миллиард долларлық цифрлық кластер салынады

Екібастұзда 10 миллиард долларлық цифрлық кластер салынады
Фото: Валерий Бугаев

Жоба аясында қуаты 1 ГВт болатын 10-ға дейін деректерді өңдеу орталығы іске қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» инвестициялық жобасын іске асыру мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жоба Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлық кластерлердің бірін қалыптастыруды көздейді. Оған әлемдік жетекші гиперскейлерлерді тарту жоспарланған.

Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. 

– 2027 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылып, қуаты 125 мегаватт болатын алғашқы деректерді өңдеу орталығы салынады. Кейін 2029-2033 жылдар аралығында жаңа нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін кластердің жалпы қуаты 1 гигаваттқа жетіп, оның құрамында заманауи 10-ға дейін деректерді өңдеу орталығы жұмыс істейді, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 10 миллиард АҚШ долларынан асады. Бұл Павлодар облысы тарихындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі болмақ. Негізгі оператор ретінде «Қазақтелеком» АҚ белгіленді.

Жобаны жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі жер мәселесін толық шешкен.

– Жалпы аумағы 177 гектар жер телімі бөлінсе, оның 124,4 гектары бірінші кезеңдегі нысандар құрылысына арналған. Сонымен қатар Екібастұздағы МАЭС-1 станциясы аумағында цифрлық кластерді кеңейту үшін шамамен 1300 гектар қосымша жер резервке қойылған, – делінген хабарламада.

Инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету жұмыстары да басталды. Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан су алу нүктесі анықталып, сумен жабдықтау нысандары жобалануда. Кешеннің шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктеріне тәулігіне 2300 текше метр су қажет болады. Бұдан бөлек, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қосымша су қоры қарастырылған.

Алғашқы кезеңді электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қуаты 215 мегаватт болатын қолданыстағы қосалқы станция пайдаланылады. Бұл алғашқы деректерді өңдеу орталығының қажеттіліктерін толық жабуға мүмкіндік береді. Ал жобаның кейінгі кезеңдері үшін энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, қосалқы станцияның қуатын арттыру және жаңа трансформаторлық топтарды орнату көзделген.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аумақ тегістеліп, жер жұмыстары атқарылып жатыр, сондай-ақ қоршау орнатылған.

Өңір басшысы жобаның стратегиялық маңызын атап өтті.

– «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» құру Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытудағы маңызды қадам болады. Жоба халықаралық деңгейдегі заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруға, ірі технологиялық серіктестерді тартуға және еліміздің цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – барлық қажетті инфрақұрылымды уақытылы дайындап, туындайтын мәселелерді жедел шешу, – деді Асайын Байханов.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға инженерлік желілер мен сыртқы инфрақұрылым құрылысы бойынша жұмыстарды үйлестіруді күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар кіреберіс автожол жобасының мемлекеттік сараптамадан өтуін жеделдету және құрылыс-монтаждау жұмыстарына уақытылы кірісу міндеті қойылды.

Сондай-ақ жобаның келесі кезеңдерін ескере отырып, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесін пысықтау және барлық жоспарланған іс-шаралардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Жобаны іске асыру кезеңінде 1500-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады. Ал нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 250-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Мамандардың пікірінше, бұл жоба Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға серпін беріп, Павлодар облысына жоғары технологиялық инвестициялар тартудың негізгі драйверлерінің біріне айналады.