Павлодарлық Ассамблея журналистерді марапаттады

Павлодарлық Ассамблея журналистерді марапаттады
Фото: Достық үйі

Журналистерге бағалы сыйлықтар табыс етілді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Павлодар облыстық журналистер клубының мүшелерінің отырысы өтті. Былтырғы жылы құрылған өңіріміздегі журналистер клубында 10 адам бар. 

– Біз сіздердің еліміздің медиа кеңістігін дамытуға және этносаралық бірлікті нығайтуға қосқан үлестеріңізді атап өткіміз келеді. Біздің елімізде тұратын түрлі этнос арасындағы бейбітшілік пен татулықты нығайтуға және қоғамдық пікірді қалыптастыруға қосып отырған үлестеріңіз ерекше, – дейді Павлодар облысы қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Қымбат Досжанова. 

Отырыс барысында «Достық үйі – бейбітшілік пен келісім мекені» облыстық байқауының жүлдегерлері марапатталды. Бұл байқауда жергілікті тілшілер Қазақстан халқы Ассамблеясы, бірлік пен татулық тақырыбында мақалалар жазды. 

Байқауда Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің тілшілері Мақсат Көлтай мен Сәния Уваисова үшінші орынды еншілесе, бас редактордың орынбасары Роза Мустафина екінші орынға табан тіреді. Ал бірінші орынды «Halyq radiosy» тілшісі Әсемгүл Аманжолова алды. 

Айта кету керек, аталмыш байқауға өңірдің 11 тілшісі қатысып, 40-тан астам мақала қабылданған болатын.