Павлодар облысында бюджет кірістерін арттыру шаралары күшейтіледі
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте қаржы басқармасы басшысының баяндамасы тыңдалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жеңіс Шақатовтың сөзіне қарағанда, өңірлік бюджеттің кірістері 152,9 миллиард теңге деңгейінде жоспарланып, оның 119,4 миллиард теңгесі орындалды. Орындау деңгейі 78,1%-ды құрады. Нәтижесінде 33,5 миллиард теңге көлеміндегі кірістер орындалмаған.
Негізгі орындалмау бензинге салынатын акциздер бойынша 30 миллиард теңге сомасында қалыптасты. Бұл акциз мөлшерлемесін есептеу формуласының өзгеруіне, акциздер бойынша салықтық әлеуеттің қолданылуына және жанар-жағармай бағасының өсуіне мораторий енгізілуіне байланысты.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда облыс бойынша түсімдердің өсімі 17,2 миллиард теңгені немесе 116,9%-ды құрады. Алайда, Железин ауданынан басқа барлық аудандарда кірістердің өсу қарқыны байқалмайды.
Осыған байланысты аудан және қала әкімдеріне жыл соңына дейінгі нақты күтілетін түсімдерді айлар бөлінісінде талдап, оларды қаржыландыру жоспарларымен салыстыру тапсырылды. Сондай-ақ ағымдағы ай жоспарын төмендету арқылы кірістерді қайта бөлу тәжірибесін тоқтату қажеттігі атап өтілді.
Облыс бюджетінің шығыстары 122,1 миллиард теңге жоспарында 121,5 миллиард теңгеге игеріліп, 99,5%-ды құрады. 1 сәуірдегі игерілмеген қаражат қалдығы 657,5 миллион теңгені құрады.
Игерілмеген қаражаттың негізгі бөлігі – 621 миллион теңге – «Достық» шағын ауданындағы трамвай желісінің құрылысына арналған аванс болып табылады.
Қаңтар-сәуір айлары бойынша күтілетін көрсеткіштерге сәйкес, әкімдер мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің мәліметтері негізінде шығыстардың орындалуы шамамен 99,9%-ды құрайды. Ал кірістер бойынша жоспар 211,6 миллиард теңге болғанда, нақты орындалуы 166,6 миллиард теңге немесе 78,7% деңгейінде күтілуде.
Тереңкөл ауданы бойынша аудан әкімі Азамат Маңғытов есеп берді. Кірістер өсімінің болмауына қатысты мәселелерге тоқталып, жақын арада жағдайдың түзелетінін жеткізді. Оның айтуынша, барлық шаруа қожалықтары қызметкерлерімен еңбек шарттары жасалып, бұл қосымша 20 миллион теңге салық түсімін қамтамасыз етті. Сонымен қатар Атырау өңірінен тартылған фермер 60 миллион теңге салық төлеп үлгерді, жыл соңына дейін тағы 100 миллион теңге көлемінде түсім түсіру жоспарланып отыр.