Екібастұзда ауа ластану нормасынан асып кетті
Кеншілер қаласының ауасын Польшадағы ауамен салыстыруға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз тұрғындары қазанның 22-сі мен 24-і аралығында қалада оғаш иіс шыққанын айтып шағымданған. Болжамдар бойынша ол көмірсутекке ұқсас еді. Қала тұрғындары мұны көшелерде де, пәтерлерінде де сезген. Осы иіс екібастұздықтардың жөтеліне себеп болған көрінеді.
Облыстық табиғатты қорғау басқармасының мәліметінше, «Қазгидромет» РМК Павлодар филиалының екі бекетінде атмосфералық ауаның жай-күйі тұрақты бақылауда. Олардың зерттеулері бойынша ауаны ластаушы заттардың концентрациясы нормадан аспайды. Ал департаментке Екібастұздан атмосферадағы артық заттар туралы ешқандай мәлімет келмеді.
Сондай-ақ, азаматтардан шағым түскен жоқ.
Бірақ, ауа сапасын бақылайтын және ауаны тазартатын өнімдерді жасайтын швейцариялық «IQAir» компаниясының зерттеулеріне сүйенсек, бүгінде Екібастұзда РМ2,5 концентрациясы 6,4 көрсетіп отыр. Бұл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандартынан 1,3 есе жоғары.
PM2,5 – минералды тұздардың, қара күйенің, құмның және асфальттың, ауыр металдардың қосылыстарының, өсімдік тозаңдарының, аэрозоль ластануының ұсақ тамшылары мен газдардың микробөлшектері. Ал 2,5 өлшемі – 2,5 микрометрге тең.
«IQAir» компаниясы Екібастұздағы жалпы ауа жағдайын 35 АҚШ AQI⁺ деп бағалайды, бұл Польшаның Вроцлав қаласындағы ауа жағдайына ұқсас.
6 қарашаға дейін шетелдік компания Екібастұз ауа сапасының жақсы индексін болжайды.