Екібастұзда балықшылар мінген көлік мұз астына кетті

Екібастұзда балықшылар мінген көлік мұз астына кетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар құтқарылып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қатты аязға байланысты Павлодар облысында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

16 қаңтар күні сағат 07:33-те Екібастұз қаласының полициясына 9-сорғы станциясы маңындағы су қоймасында Mitsubishi Delica маркалы автокөлік төрт балықшымен бірге мұз астына кеткені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел түрде учаскелік полиция инспекторы Архар Оспанов барып, автокөлік пен азаматтарды анықтады. Ол дереу координаттарды жедел-тергеу тобына және төтенше жағдайлар қызметіне жеткізді.

Құтқару жұмыстарының нәтижесінде төрт ер адам да аман-есен шығарылып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Құтқару сәтінде балықшылар қатты тоңған. Суға түскен киімдері мұз болып қатып қалғандықтан, олар бірден автокөлікке отыра алмаған. Құтқарушылар олардың киімдерін қайшымен кесуге мәжбүр болды. Балықшылардың ешқайсысы жарақат алмаған, барлығы үсіп қалу белгілерімен ауруханаға жеткізілді.

Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергеновтың айтуынша, ер адамдар ескертулерге және қатты аязға қарамастан қысқы балық аулауға шыққан. Мұз үстіне шығып, құрал-жабдықтарын түсіргеннен кейін автокөлік мұз астына кеткен, оны шығару мүмкін болмаған.

Полиция ведомствосы азаматтардың қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында екенін атап өтіп, тұрғындарды қатты аяз кезінде алыс жолға шықпауға, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.