Баянауылдың көрікті жерлерінің бірінде күн панельдері орнатылды

Орнату жұмыстарын көрші өңірден келген мамандар таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметінше, 29 тамыз күні «Экообраз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Светлана Былинская мен Қарқаралы МҰТП-ның экологиялық ағарту, рекреация және туризм бөлімінің басшысы Сайран Омаров ұлттық парк ұжымына күн панельдерін орнату барысын көрсетті.
Қазіргі уақытта Қоңыр әулие үңгірі маңындағы қызметтік үй күн сәулесі арқылы қуат алатын панельмен жабдықталып, электр энергиясымен қамтамасыз етілді.
Бұл бастама көміртегі ізін азайтып, таза энергияны дамытуға ықпал етеді. Жаңартылған жүйе электр қуатына қолжетімділікті жақсартады, қызметкерлердің жұмыс тиімділігін арттырады, қоршаған ортаға зиянсыз, экологиялық таза қуат көзі болып табылады.
Жоба «Климаттың өзгеруі жағдайында ЕҚТА-ның тұрақты дамуына жәрдемдесу» бастамасы аясында Қазақстандағы Жаһандық экологиялық қордың шағын гранттар бағдарламасы / БҰҰДБ қолдауымен жүзеге асуда.