Ақтоғай ауданындағы өзен шөгіндіден тазартылмақ
Бұл жұмыстар екі жылға созылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Ақтоғай ауданындағы «Быстрая» өзені лайдан тазартылады. Өзеннің түбі сағасынан Жамбыл ауылына дейін тереңдетіледі, ол шамамен 7,8 шақырымды құрайды, – дейді Қожамжар ауылдық округінің әкімі Серік Тезекбаев.
Жоба 1,7 миллиард теңгеге бағаланды. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, экология және су ресурстары басқармасы бұл жобаға тапсырыс берген.
– Өзенді тереңдету, тазарту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде өзеннің ені 15 метр, тереңдігі үш метрге жуық, – дейді ауылдық округінің әкімі.
Серік Тезекбаев бұл өзеннің бойында Қайран, Жамбыл, Қараой ауылдар орналасатынын айтты. Су тасқыны кезінде өзен жайылмадағы шалғындарды басып қалады. Жергілікті ірі шаруа қожалықтары да бұл өзеннен су алады.