Екібастұзда ер адамды әріптестері «ұрлап кетті»
Қала тұрғындары адам ұрлығы туралы айтып, қоңырау шалған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, орынсыз әзілге куә болған тұрғындар шынымен адам ұрлады деген оймен дереу полицияға жүгінген.
– Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі үйдің ауласында «Ниссан» маркалы автокөліктің багаж бөліміне адамды тиеп, Кеншілер көшесіне қарай бет алғаны туралы хабарлама түсті. Аталған факт Қазақстан Республикасы ҚК- нің 125-бабы – «адам ұрлау» болып тіркелді, – деді департаментте.
Тәртіп сақшылары сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында осы оқиғаға қатысы бар адамдарды анықтап, ұстады.
Полицейлер 23 сәуір күні сағат 19.00-де үш таныс адам үйдің ауласында отырғанын, ал олардың бірі ашық тұрған багаж бөлімінде отырып сыра ішкенін анықтады. Ер адам кенеттен тепе-теңдікті сақтай алмай құлап кеткен. Мұны көрген таныстары әзілдеп, жүксалғышты жауып, көлікпен 3-5 метр жерге жүріп кеткен. Тоқтағаннан кейін жүк салғышты ашып, ер адамның шығуына көмектескен. Олардың бұл әрекетіне ашуланған тұрғын «Не істеп жатырсыңдар?» деп ренжіп, үйіне кетіп қалған.
Қала тұрғыны полицейлерге бұл әріптестерінің орынсыз әзілі екенін және ешбір шағымы жоқ екенін айтқан.