Павлодар облысында жүк көлігі жол жиегіне шығып, аударылып қалды

Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 11 қазан күні «Шарбақты – Павлодар» автожолында «Volvo» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың жиегіне шығып кеткен. Салдарынан көлік сол жақ қырына аударылған.
– Жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккендер жоқ. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізілуде, – деді департаментте.
Полиция қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс аумағындағы кейбір жолдарда қозғалыс уақытша шектелуі мүмкін екенін ескертеді.
Құқық қорғау органдары жүргізушілерге ауа райы болжамын және СМС-хабарламаларды бақылап, жолдар жабылған жағдайда сапарға шықпауға кеңес береді.
Сонымен қатар, көлік жүргізушілеріне өз бағыттарын алдын ала жоспарлап, қозғалыс кезінде жылдамдықты және қауіпсіз арақашықтықты сақтауға, ал қажетсіз ұзақ сапарлардан бас тартуға шақырады.