Елімізде кеңсе қағазын шетелдік компаниялардан сатып алуға тыйым салынуы мүмкін
«Ашық НҚА» порталында «Ұлттық режимнен алып қоюды белгілеудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы жарияланды. Осыған орай елімізде кеңсе қағазын шетелдік компаниялардан сатып алуға тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеңсе қағазын жеткізетін шетелдік компанияларды мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектеу ішкі нарықты импорттан қорғауға және отандық тауар өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді.
Бұл бастаманы «Атамекен» ҰКП және Қазақстан қаптамашылар қауымдастығы көтерді.
«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Алмат Асқардың айтуынша, кейінгі үш жылда Қазақстан жеке өндірістерді құру бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанына қарамастан, қазіргі кезде мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуына шетелдік компаниялар көптеп қатысып жатыр.
«Осы жылдың төрт айы ішінде жазу, баспа немесе басқа да графикалық мақсаттарға арналған қағаз бен картонның импорты ақшалай мәнде 2022 жылдың аналогтық кезеңімен салыстырғанда 51,6%-ға өсіп, 6,3 млрд теңге болды. Ал заттай мәнде 18,5%-ға ұлғайып, 10,9 тонна болған», – деді спикер.
Спикер қағазды жеткізетін негізгі көздер ірі шетелдік компаниялардың көтерме сатушылары мен дистрибьютерлері екенін айтты. Бұл компаниялар әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты Қазақстан нарығына назар аудара бастаған. Қазақстанда өндірісі жоқ, жабдық пен персоналға шығын шығармай шетелдіктер конкурста демпинг көрсетіп, төмен баға ұсына алады. Осылайша отандық өндірушілер тапсырыстан, сәйкесінше жұмыстан қағылып отыр.
Қазір Қазақстанда Астана, Алматы, Шымкент және Петропавл қалаларында кеңсе қағазын өндіретін кәсіпорындар тіркелген және белсенді жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорындардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 23 мың тоннадан асады. Бұл ретте 2022 жылы сатып алудың жалпы көлемі шамамен 15 мың тонна болды.
«А3 және А4 форматындағы кеңсе техникасы үшін қағаз өндіруші отандық кәсіпорынлдар сатып алудың қажетті көлемін толық қамтуға, керек болса, өндірістік қуатты арттыруға дайын. Сонымен қатар отандық өндірушілер бюджетке салық аударымдарын қамтамасыз етеді. Импорт азаяды. Сондай-ақ біздің компаниялар дайын өнім экспортын жолға қоюға дайын», – деп атап өтті Қазақстанның қаптамашылар қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров.