Электриктен психологқа дейін: Павлодарда 500-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды
Павлодарда биылғы алғашқы кеңейтілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараны облыстық еңбек мобильділігі орталығы мен жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырды.
Облыстық еңбек мобильділігі орталығы директорының міндетін атқарушы Қазбек Жомартовтың айтуынша, жәрмеңке «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында өткізілді. Оған ірі кәсіпорындармен қатар шағын және орта бизнес өкілдері де қатысты. Ізденушілерге тұрақты, уақытша және әлеуметтік жұмыс орындары, қайта даярлау мүмкіндіктері мен оқыту курстары ұсынылды. Мұндай жәрмеңкелер арқылы жұмыс іздеушілердің шамамен 50 пайызы еңбекке орналасады.

Қатысушылардың бірі – «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның галлий өндірісін қайта іске қосу жобасы. Компания 130 қызметкерді жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр. Аппаратшы, гидрометаллург, слесарь-жөндеуші, электргазбен дәнекерлеуші, электромонтер секілді мамандар қажет. Кәсіпорын жаңа өндіріс үшін үміткерлерді стипендия төлей отырып оқытып, кейін жұмысқа орналастыруға дайын.
Наурыз айынан бастап кеме қатынасы маусымы ашылатын өзен порты да мотористерді, электриктерді, кран жүргізушілерін жұмысқа шақыруда. Сонымен қатар «Рубиком» кәсіпорнының бөлімшелерінде қоймашыдан бастап құрылысшыға дейін түрлі мамандықтар бойынша бос орындар бар.

Күштік құрылымдар да жәрмеңкеге қатысты. Арнайы жедел әрекет ету жасағына инспекторлар қажет. Үміткерлерге жоғары заңгерлік білім, бастапқы әскери дайындық және жақсы дене шынықтыру талап етіледі. Орта арнаулы білімі барлар үшін әскери қызмет міндетті. Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндірушілерді, құтқарушыларды және өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізушілерін жұмысқа қабылдайды. Қажет болған жағдайда оқу стипендиясы қарастырылған.
Жәрмеңкеге 40-тан астам жұмыс беруші қатысып, 500-ден аса бос жұмыс орнын ұсынды. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен пробация есебінде тұрған адамдарға арналған ұсыныстар да бар.