Ертіс ауданында әйеліне ашуланған ер адам мас күйде көлік жүргізген
Көлік жүргізушісі 7 жылға көлікті басқару құқығынан айрылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ертіс ауданының Қызылжар ауылында полицейлер өте баяу жүріп күдік тудырған «Ауди-80» маркалы көлігін тоқтатқан.
Медициналық куәландырудың қорытындысы азаматтың ауыр дәрежелі алкогольдік мас күйде болғанын көрсетті.
- Жүргізуші әйелімен жанжалдан кейін ішімдік ішіп, содан кейін серуенге шыққанын түсіндірді. 57 жастағы ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал сотта қаралды, - деді Павлодар облысы Ертіс ауданының полиция бөлімінің бастығы Қуат Түсіпбеков.
Айта кетейік, аудандық сот жүргізушіні 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.