Ертіс ауданында Абайдың тағылымды мұрасы насихатталды

Ертіс ауданында Абайдың тағылымды мұрасы насихатталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Атаулы күнге арналған дөңгелек үстелде бас ақынның өмірі мен шығармашылығы талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлы қазақ ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні қарсаңында ұйымдастырылған шара Ертіс аудандық орталық кітапханада өтті. 

Кітапханашы Қымбат Көшербаева қатысушыларды Абайдың өмірі мен шығармашылық жолымен таныстырып, оның шығармалары, соның ішінде әйгілі «Қара сөздері» туралы айтып берді. Сондай-ақ ұлы ойшылдың философиялық және ағартушылық идеяларының халықтың рухани дамуындағы маңызына тоқталды.

Кездесу барысында Абайдың әдеби және философиялық мұрасы отандық мәдениетте айрықша орын алатыны және оның шығармашылығы Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен мойындалғанын атап өтті.

Шара аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда Абай Құнанбайұлының шығармалары, оның өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар, сондай-ақ ақынның философиялық және әдеби мұрасына арналған басылымдар ұсынылды.

Айтулы шараға Ертіс ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы қатысты. 

— Мұндай кездесулердің маңызы зор. Абайдың мұрасы — мәдениетіміздің ажырамас бөлігі, халқымыздың рухани байлығы мен адамгершілік құндылықтарының қайнар көзі. Оның тағылымға толы нақыл сөздері бүгінгі күні де білімнің, жауапкершіліктің және өзін-өзі жетілдіруге ұмтылыстың маңызын түсінуге ықпал етеді, — деді Ертіс ауданы полиция бөлімінің кадр жұмысы жөніндегі орынбасары Семейхан Нұрғалиев.

Тәртіп сақшылары көрмені қызығушылықпен тамашалап, пікір алмасуға қатысты. Олар ұлы ойшылдың шығармашылығының маңызы туралы өз ойларын ортаға салды.