Ертіс ауданының тәртіп сақшысы алаяқтықтың алдын алды

Ертіс ауданының тәртіп сақшысы алаяқтықтың алдын алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Алаяқтар ауыл тұрғынының атына 2 миллион теңге несие алмақ болған,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертіс ауданы Майқоңыр ауылының тұрғыны учаскелік полиция инспекторы Меркеш Қайраткеровке шынайы ризашылығын білдірді.

– Маған «Beeline» орталығынан қоңырау шалып, SIM-картамның ақаулы екенін айтты. Ақауды түзету үшін хабарлама арқылы келетін кодты айтуды сұрады. Кодты айтып берген соң, бұл қоңырауға мән бермедім. Артынша тағы бір қоңырау түсті – бұл жолы бейтаныс адам өзін ХҚКО қызметкері ретінде таныстырып, менің атыма 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімделіп жатқанын хабарлады. Қатты қорқып, бірден учаскелік инспекторымыз Меркеш Серікұлына хабарластым, - дейді  ауыл тұрғыны Аягөз. 

Ауылдың учаскелік инспекторы дереу жағдайды бақылауға алып, барлық нөмірлерді тексеріп, есепшоттарды бұғаттауға және несие рәсімдеуге тыйым салуға көмектескен. Тіпті тиісті мекемелерге хабарласып, алаяқтықтың алдын алған. 

Әккі қулардың айласынан аман келген ертістік әйел тұрғындарды бейтаныс нөмірлерге жауап бермеуге, келген кодтарды ешкімге айтпауға кеңес береді.