Павлодар облысының ауылдарында сумен жабдықтау деңгейі жүз пайызға дейін жетеді
Бұл көрсеткіш алдағы екі жылда орындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық мәслихаттың құрылыс, өнеркәсіп және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысында 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасы талқыланды. Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Күлбаршын Арынованың сөзінше, келесі жылы сумен жабдықтау және кәріз жүйесі бойынша 16,5 миллиард теңгеге 21 жобаны іске асыру жоспарланған.
– Қалалық сумен жабдықтау бойынша 8,2 миллиард теңге сомасына тоғыз жобаны іске асыру көзделеді. Осы жобаларды іске асыру сумен жабдықтауға қолжетімділікті 98% -ға дейін арттыруға, сондай-ақ тозуды 46,7% - ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті баяндамашы.
Павлодарда – сегіз, Екібастұзда – төрт, Ақсу қаласында үш жоба бекітілген. Қала көшелеріндегі кәріз жүйесін қайта құру, салу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылатын болады. Ал аудандарда сумен жабдықтау бойынша 2,5 миллиард теңге сомасына алты жоба кірді. Оларды іске асыру сумен жабдықтауға қолжетімділікті 99,3% - ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Мысалға, Тереңкөл ауданының Песчаное ауылындағы су тазарту құрылыстары мен су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ал Баянауыл ауданының үш ауылында –Торайғыр, Қызылішілік, Баянауылда су құбыры салынады. Успен ауданының Қаратай мен Вознесенка ауылдарында сыртқы су құбыры желілерін салу жұмыстары жоспарланған.