Павлодар көшелері күрделі жөндеуден өткізіледі

Павлодар көшелері күрделі жөндеуден өткізіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биылғы жылы 14 магистральдық көшені орташа жөндеу бойынша жоспар құрылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала әкімі Хасар Хабылбеков өзінің «Instagram» парақшасында тікелей эфирде мәлімдегендей, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ұзындығы 18,2 шақырымды құрайтын 8 магистральдық көшеге асфальт төселді. Сонымен қатар, ұзындығы 33 шақырымды құрайтын жеке сектордың 70 көшесіне асфальт төселіп, 78 мың шаршы метр көлемінде шұңқырлы жөндеу жүргізілді.

Биылғы жылы ұзындығы 32 шақырым болатын 14 магистральдық көшені орташа жөндеу жоспары құрылды: Луговая, Айманов, Баян батыр, Толстой, Торайғыров, Назарбаев даңғылы, Есеналиев, 29 қараша, Қайырбаев, Кривенко, Естай, Мәшһүр Жүсіп, Циолковский және Абай көшелері. Сонымен қатар, Горторг жеке шағын ауданының 9 көшесі асфальтталады: Томск, Тульская, Шамкенов, Новосибирьская, Волочаевская, Азовская, Онежская, Ладожская, Ворушин, – деп атап өтті қала басшысы.

Сондай-ақ, 22 шақырымнан астам тротуарлар мен теміржол вокзалында тұрақ орнату қарастырылған.

Тікелей эфирде Майра көшесі, 49 мекенжайынан «Ақниет» мейрамханасына дейінгі жол бөлігінде бұзылып жатқан асфальт мәселесі көтерілді.

Біз жолдарды төсеу және жөндеу бойынша барлық жұмысты қолайлы ауа райы жағдайлары басталғаннан кейін бастаймыз.  Бұл – үлкен жаппай жөндеу. Бүгінгі таңда біз арнайы МАК-асфальтпен шұғыл жол шұңқырларын жөндеу жұмыстарын бастадық. Бұл -5 температурада жол учаскелерін жоюға және жөндеуге мүмкіндік беретін модификацияланған асфальт. Біз үлкен жөндеуді температура +5-тен бастаймыз, – деп жауап берді Хасар Хабылбеков.

Сонымен қатар, қала әкімі Химқалашық ауданында жол жамылғысы жұмыстарының қате орындалуы салдарынан пайда болған шұңқырлар мәселесін жауапсыз қалдырмады.

Ағымдағы қыс мезгіліндегі ауа райының өзі қалыпты емес. Температура жоғарыдан төменге дейін тұрақты ауысуда. Осыған байланысты асфальт кеңейіп, тарылып, жыртылады. Биылғы жылы жолдарды тексеру кезінде ауа райына байланысты өткен жылмен салыстырғанда ондаған есе көп зақым анықталды. Мен жақында сол жерден өттім, жолдың бәрі шұңқыр. Осыған байланысты МАК-асфальтпен жөндеу жүргізілді. Ауа райы МАК-асфальтын пайдалануға мүмкіндік бермегенде, біз жай ғана бетондадық. Мұның бәрі қауіпсіз жүруді қамтамасыз ету үшін жасалады, – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Хасар Хабылбеков өзінің «Instagram» парақшасында тікелей эфир өткізіп, өткен жылдағы жұмысты қорытындылап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.