Ертістен Солтүстік теңіз жолына: Павлодарда жаңа жүк бағыты талқыланды

Ертістен Солтүстік теңіз жолына: Павлодарда жаңа жүк бағыты талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Халықаралық форумда Қазақстан, Ресей және Қытай арасындағы жүк тасымалын Солтүстік теңіз жолына шығару мүмкіндігі қарастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда өткен «Ертіс: достық өзені – даму өзені» II халықаралық форумында Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко өзеннің көлік әлеуетін халықаралық жүк тасымалына пайдалану жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмысты нақты жүк базасын қалыптастырудан, тасымал көлемін, маршруттарды және инфрақұрылым қажеттілігін анықтаудан бастау қажет.

Омбы облысынан Павлодарға 50-ден астам адам келген. Делегация құрамына мемлекеттік органдармен қатар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика және өзен тасымалы саласының өкілдері кірді. Форумға Омбы өңіріндегі 20-дан астам компания қатысты.

Ұсынылған бағыт Ертістен Обь өзеніне, одан әрі Кар теңізі арқылы Солтүстік теңіз жолына шығуға негізделген. Виталий Хоценко бұл мүмкіндікті Ресейдің солтүстік өңірлерімен жүк қатынасын дамыту үшін пайдалануды ұсынды.

– Қазір ең жоғары деңгейде Солтүстік теңіз жолын дамыту белсенді талқыланып жатыр. Бізде оған Ямал арқылы қысқа бағытпен шығудың бірегей мүмкіндігі бар: Ертіс, Обь және одан әрі Кар теңізі. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмау керек, – деді Виталий Хоценко.

Омбы облысының губернаторы өзен жолымен ірі габаритті жүктерді тасымалдаудың тәжірибесіне де тоқталды. Ол былтырғы экспедиция кезінде «Изумруд» буксирін баржамен бірге көргенін айтты.

– «Изумруд» баржамен бірге Обь шығанағынан, Ямалдан Павлодарға Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғыртуға арналған ірі габаритті жабдық жеткізді. Бұл – Ертіс арқылы мұндай бағыттың жұмыс істей алатынының жақсы мысалы, – деді губернатор.

Форумда өзен жолын Қытай бағытындағы тасымалмен байланыстыру мәселесі де көтерілді. Омбы облысында кедендік инфрақұрылымы бар мультимодальды көлік торабын құру жобасы пысықталып жатыр. Ол Қытай – Қазақстан – Ресей көлік дәлізінің бір бөлігі ретінде қарастырылуда.

Мұндай жобаның тиімділігі тұрақты жүк ағынына байланысты. Сондықтан қазір Омбы кәсіпорындары мен қытайлық серіктестер осы бағытта тасымалдауға болатын тауарлардың тізімін қалыптастырып жатыр. Қазақстан бұл жүйеде транзиттік аумақ қана емес, жүк айналымының толыққанды қатысушысы ретінде қарастырылып отыр.

Омбы облысынан Қытайға каучук, техникалық көміртек және мұнай-химия саласының басқа да өнімдері жөнелтіледі. Қазір бұл жүктер теміржолмен Владивостокқа жеткізіліп, одан әрі теңіз арқылы Қытайға жіберіледі. Ертіс арқылы өтетін су жолы осы тасымалға балама бола алады.

– Егер біз айтарлықтай қысқа, экономикалық жағынан тиімді әрі логистикасы жеңіл балама бағыт ұсына алсақ, кәсіпорындар оған ауысуға дайын болады деп сенемін, – деді Виталий Хоценко.

Маршрутқа Ресейдің солтүстік өңірлері де қосыла алады. Форумда ол жақтан ағаш, көмір, мұнай және басқа да өнімдерді тасымалдау мүмкіндігі айтылды. Виталий Хоценконың сөзінше, бұл бағыттағы инфрақұрылымды Қазақстан мен Ресей бірлесіп дамытуы қажет.

Жүк көлемінің өсуі өзен флоты мен порт инфрақұрылымын кеңейтуді де қажет етеді. Осы бағытта Омбы өзен портының базасында жаңа өндіріс ашу жоспарланып отыр.

– 2030 жылға қарай «өзен – теңіз» класындағы кеме жасау зауыты салынады. Онда жүк көтергіштігі 2500-ден 5000 тоннаға дейінгі баржалар шығарылады, – деді Виталий Хоценко.

Омбы облысының басшысы мұндай жобалар қазақстандық кәсіпорындармен жаңа өндірістік байланыстар орнатуға мүмкіндік беретінін айтты. Ынтымақтастық құрамдас бөлшектерді жеткізуден бастап, Ертістегі флотты бірлесіп пайдалануға дейінгі бағыттарды қамтуы мүмкін.

Павлодар облысында да өзен тасымалын дамытуға қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Асайын Байхановтың айтуынша, өңірде Ертіс арнасын тазарту және түбін тереңдету қолға алынған.

– Бұл мәселені бүгін Павлодар өзен портының алаңында өтетін жеке кездесуде талқылаймыз, – деді облыс әкімі.

Жоғарғы Ертістің көлік мүмкіндігіне Шығыс Қазақстан облысы да назар аударып отыр. Өңір әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, өзеннің жекелеген учаскелерінде жүк тасымалы қазірдің өзінде жүргізіледі. Келесі кезеңде жүк жөнелтетін кәсіпорындарды, тасымал бағыттарын, болжамды көлемді және ұзақ мерзімді келісімшарттардың мүмкіндігін анықтау ұсынылды.

Павлодардағы форум аясында тасымалдаушылар мен әлеуетті экспорттаушылардың қатысуымен Ертістегі жүк базасы, бағыттар және инфрақұрылым қажеттілігі жеке талқыланады. Осы есептер жаңа халықаралық су жолының әрі қарай қалай дамитынын анықтауға негіз болмақ.