Қаржы министрлігі Павлодарлықтарға жаңартылған салық кодексін түсіндірді

Құжат 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов салық кодексінің негізгі ережелерін аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының мамандарына, агроөнеркәсіп кешенінің өкілдеріне, өңірдегі іскер және әлеуметтік құрылымдардың өкілдеріне таныстырды. Ол басты назар аударуға тиіс өзгерістерді атап өтіп, шағын және орта бизнес өкілдеріне алдағы өзгерістерге қалай дайындалу керектігін түсіндірді.
Оның айтуынша, Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер мыналарды қамтиды: сараланған салық мөлшерлемелері, жеке табыс салығы бойынша прогрессивті салық салу, қосылған құн салығы жүйесін реформалау, сән-салтанат салығы элементтерін енгізу, арнайы салық режимдерін жаңарту және салықтық жеңілдіктер тізбесін кеңейту.
– Корпоративтік табыс салығының (КТС) төлеушілері бұрынғыдай заңды тұлғалар болып қала береді. Тек мемлекеттік мекемелер ғана бұл салықтан босатылады. Бұған дейін оқу орындары да салықтан босатылған болатын, алайда жаңа жобада бұл жеңілдік алынып тасталды, – деп түсіндірді Жәнібек Нұржанов.
КТС-тің базалық мөлшерлемесі – 20 пайыз. Банк және ойын-сауық қызметі үшін, бизнесті несиелендіруден басқа, жоғарылатылған мөлшерлеме – 25 пайыз қарастырылған. Ал білім беру мен медицина сияқты әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы – 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз төмендетілген мөлшерлемелер белгіленген.
– Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге келер болсақ, бұрын салық мөлшерлемесі 70 пайызға төмендетілетін. Біз бұрынғы салықтық жүктемені ескере отырып, тиімді мөлшерлеме ретінде 3 пайыздық деңгейін сақтап қалдық. Ал белгіленген талаптарға сай келмейтін ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 6 пайызды құрайды, – деді спикер.
Министрлік өкілі декларация негізінде арнайы режиммен жұмыс істейтіндерге арналған салықтық шегерімдерге қатысты маңызды әрі сезімтал мәселені қозғады. Оның айтуынша, енді мұндай шығындар шегерімдерге жатпайды. Дегенмен, шаруа қожалықтарына қатысты тәртіп өзгермейді – олар үшін шегерімдер сақталады.
– Лизинг шарттары бойынша салық салынатын табысты азайту мәселесіне келсек, бұрын компаниялар сыйақының 100 пайызын шегерім ретінде көрсете алатын. Енді бұл көлем 50 пайызға дейін төмендетілді, – деп түсіндірді Жәнібек Нұржанов. – Сондай-ақ, бұл ұйымдар корпоративтік табыс салығын төлеуші болып табылады және табысын 20 пайыздық мөлшерлеме қолданылатын шекте шегере алады.
Өзгерістер мемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін табысқа, сондай-ақ борыштық активтердің құнынан түсетін негізгі кірістерге де қатысты болды. Бұған дейін бұл табыстар түзетіліп, оларға корпоративтік табыс салығы қолданылмайтын. Енді олар салық салынатын базаға енгізіліп, 20 пайыздық мөлшерлемемен салық салынады.
Құрамында кемінде 10 мүгедектігі бар қызметкері бар ұйымдар қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуден босатылады.
– Бұрын стандартты шарттар қолданылатын: қызметкерлердің жалпы санының кемінде 51 пайызы мүгедектігі бар адамдар болуы керек және еңбекақы қорының кемінде 51 пайызы солардың жалақысынан тұруы тиіс еді. Қазір қосымша нормалар енгізілді: егер штатта үштен онға дейін осындай қызметкер болса, КТС мөлшерлемесі 50 пайызға төмендейді, ал оннан көп қызметкер болған жағдайда, төмендету он пайызды құрайды, – деп нақтылады Жәнібек Нұржанов.
I және II топ мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік салықтық шегерім көлемі 5000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін ұлғайтылды. III топ мүгедектері, мүмкіндігі шектеулі балалар және Ұлы Отан соғысына қатысушылар үшін бұрынғы 882 АЕК көлеміндегі шегерім сақталып қалды.
Мүліктік табысқа қатысты басты өзгеріс – есептеу мерзімі. Бұрын бұл кезең 1 жыл болса, енді 2 жыл болып белгіленді. Ипотекалық келісімшарттар бойынша бұл мерзім 3 жылға ұзартылды.
Әлеуметтік салық бойынша бірыңғай мөлшерлеме – алты пайыз болып бекітілді, енді ол әлеуметтік аударымдардың көлеміне байланысты емес. Бұған дейін салық сомасы әлеуметтік аударымдар көлеміне тең азайтылатын, бұл ереже алынып тасталды. Ал ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және өткізу саласында жұмыс істейтін салық төлеушілер үшін мөлшерлеме – 1,8пайыз. Жеке тәртіпте жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін – өзіне 2 АЕК, әр қызметкеріне 1 АЕК. Шаруа және фермер қожалықтары үшін – өзіне 0,6 АЕК, әр қызметкерге 0,3 АЕК мөлшерінде белгіленді.
Алкоголь өнімдеріне қатысты акциз мөлшерлемесі барлық түрі бойынша он пайызға өсіріледі. Сонымен қатар, қосымша мөлшерлемелер енгізіледі: егер алкоголь бағасы литріне 500 мың теңгеден асса, акциз тағы 10 пайызға көбейтіледі. Темекі өнімдері бойынша да осы тәртіп қолданылады – бір сигараның бағасы он мың теңгеден асқан жағдайда, оған он пайыз үстеме қосылады.
– Көлік құралдарына келсек: жеңіл автокөлік бағасы 18 мың АЕК-тен, су көлігі – 24 мың АЕК-тен, әуе көлігі – 24 мың АЕК-тен асқан жағдайда, осы шектерден асатын айырмаға он пайыз мөлшерінде салық салынады. Бұл талаптар импортқа да, ел ішінде сату процесіне де қатысты. Акциз тек жеке тұлғаларға қолданылады. Сондай-ақ, 2026 жылдан бастап энергетикалық сусындарға акциз енгізіледі – бастапқы мөлшерлеме литріне 100 теңге, ал 2030 жылға дейін 240 теңгеге дейін өседі, – деп түсіндірді Жәнібек Нұржанов.
Көлік салығына пайдалану мерзіміне байланысты коэффициент енгізілді. Егер автокөлік 10 жылдан астам пайдаланылса, мөлшерлеме 30 пайызға (коэффициент 0,7) төмендейді, ал 20 жылдан асса – 50 пайызға дейін азаяды.
Шаруа қожалықтары үшін пикап көліктеріне көлік салығынан жаңа босатулар енгізілді – мұндай көліктерге жеке бап қосылды. Кәсіпкерлерге арналған көлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді есептеу алынып тасталды, енді тек жыл сайынғы декларация ғана сақталады.
– Шаруа қожалықтарына арналған арнайы салық режимдері бойынша ешқандай өзгеріс жоқ. Жеке табыс салығы (ЖТС) төленетін болады, алайда бірыңғай жер салығы қарастырылмаған. Мөлшерлеме бұрынғыдай – табыстың 0,5 пайызы деңгейінде сақталды, – деді Жәнібек Нұржанов.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған жаңа арнайы салық режимі енгізілді. Егер жеке тұлға осы режим бойынша жұмыс істеп, айлық табысы 300 АЕК-тен аспаса, онда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Бұл режимді екі жолмен жүзеге асыруға болады – цифрлық платформа немесе мобильді қосымша арқылы. Салық мөлшерлемесі – 4 пайыз, оған ЖТС қолданылмайды. Тек зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру төлемдері төленуі тиіс.
Бөлек бір бөлім жеңілдетілген декларация негізіндегі режимге қатысты. Бұл режим бөлшек салықпен біріктіріледі. Егер табыс 600 АЕК-ке дейін (шамамен 2,4 млрд теңге) болса, жеңілдетілген тәртіп сақталады. Ал табыс 100 млн теңгеден асқан жағдайда, салық төлеуші салық салынатын базаны азайту үшін еңбекақы қорын ескеруге құқылы болады. Салық мөлшерлемесі – төрт пайыз. Сонымен қатар, мәслихат салық мөлшерлемесін қызмет түрі мен салық төлеушінің орналасқан жеріне қарай екі пайыз бен төрт пайыз аралығында өзгерте алады. Қызмет түрлерінің тізбесін Үкімет бекітеді, бұл режим халыққа қызмет көрсетуге бағытталған салаларға қолданылады.
Павлодарда өткен ашық микрофон форматындағы семинар барысында қатысушылар Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдеріне өз сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды. Жекеменшік жоғары оқу орнының бухгалтері әлеуметтік салаға жататын жеке білім беру мекемелерінің ҚҚС-тан босатылуы сақтала ма деп сұрады.
– Білім беру саласы бұрынғыдай ҚҚС-тан босатылады. Тізімге тек медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер кіреді. Ал корпоративтік табыс салығына келсек білім беру ұйымдары 2026 жылы бес пайыз, 2027 жылы он пайыз мөлшерлемемен салық төлейтін болады, – деп жауап берді мамандар.
Сұрақ қойғандардың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорын өкілі Дмитрий Тюменев те болды.
– Павлодар облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы қарқынды дамып келеді, бұл металлургиядан бөлек бағыт. Қазіргі уақытта Салық кодексінің 411-бабы бойынша ҚҚС субсидиялау мөлшерлемесі 70 пайыз көлемінде қолданылады. Жаңа жобаны қарап шықтық, бірақ бұл жеңілдік расталмаған. Ол сақтала ма? – деп сұрады ол.
Комитет өкілдерінің жауабы бойынша өндірушілер мен өңдеушілер үшін барлық қолданыстағы шарттар сақталған. Сонымен қатар, ҚҚС бойынша субсидия мөлшерлемесі 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды.
Шара барысында тыңдаушылар өз ұсыныстарын да енгізе алды. Комитет өкілдері барлық бастамалар ескерілетінін жеткізді.