Ертегі терапиясы: Павлодарда «Шыншыл бала» атты кітап жарық көрді
Кітаптың авторы – ақын, аудармашы Серік Сатыбалдин, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
С.Баязитов атындағы атындағы балалар оқу орталығында «Шыншыл бала» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Рәсімге ақынның әріптестері және жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қаламгер «Шыншыл бала» кітабы балалар мен жасөспірімдерге арналса да, оның ішінде егде жастағы азаматтарға да арналған әңгімелер бар екенін айтады.
– Әсіресе, бұл – ата-аналарға, ұстаздарға үлкен әдістемелік құрал. Сондай-ақ, өлеңдер, ертегілер, мақалалар және аудармалар топтастырылған. Осы бағытқа бет беру арқылы өмірге деген көзқарасым өзгерді, танымым кеңейді, тілім ұшталды. Кейін неге өз шығармаларымды жинақтап, кітап ретінде шығармасқа деген ойға келдім. Енді міне, кезекті еңбегім жарық көрді, – дейді автор Серік Сатыбалдин.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айбек Оралханның айтуынша, қаламгердің шығармаларында баланың сезімдерін түсінуге көмектесетін туындылар мол кездеседі.
– Серік Сатыбалдиннің балаларға арналған туындылары мен аудармалары – ертегі терапиясы. Бұл шетелде, атап айтқанда, Еуропада және соңғы жылдары Ресейде кеңінен қолданылатын ертегілермен емдеудің бір түрі. «Ертегімен емдеу» – баланың міңез-құлқы мен санасын түзетудің өнімді әдістерінің бірі. Автордың «Төрт таблетка», «Сабырлы сахаба», «Шыншыл бала», «Он екі жасар патша», «Мейірімді пілдер», «Шоқ тоғайдағы шарайна» және басқа да туындылары соның айғағы, – дейді Айбек Оралхан.
Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ақын Алақанұлы Серік Қинаятұлының аудармашылығына шолу жасады.
– Жазушының әдебиеттің аударма саласындағы ауыз толтырып айтарлықтай еңбектері өз алдына бір төбе. Осы орайда оны аудармашы деп те тануға толық дәлел бар. Әлбетте, қалам тербеп жүрген екінің бірінің, тіпті басқа бірнеше ұлттың тілін жетік меңгергендердің өзі әдеби аудармаға батылы жетіп бара бермейтіні белгілі жай. Өйткені, аударма жасау үшін өзге тілдегі шығарманың мазмұндық, тілдік, көркемдік ерекшеліктерін төл қалпында сақтай отырып, оны қазақ оқырмандарының талғамына, қазақ тілі құрылымының ерекшелігіне сай икемдеп бере білу – көркем аудармаға қойылар басты талап болуға тиіс, – дейді Ақын Алақанұлы.
Шара барысында жиналған қонақтар кеш иесі жайлы естеліктерімен бөлісіп, ой қозғады.
Серік Сатыбалдиннің шығармашылығы республика оқырмандарына, оның ішінде жас буынға соңғы 15 жылда етене таныс болып үлгерді. Еліміздегі негізгі әдеби журналдар мен газеттерде үзбей жарияланып келе жатқан ертегілері, әңгімелері, өлеңдері, танымдық мақалалары мен түрлі аудармалары өз оқырмандарын тапқаны анық. Қаламгер балаларға арналған шығармаларды орыс тілінен қазақ тіліне аударады, ізденеді, тәжірибе жасайды.
Айта кетерлігі, қаламгердің әр жылдары «Қылмыс пен жаза», «Қасиетті жұрт», «Қоңыр үңгір хикаясы» кітаптары жарық көрді. Оның қаламынан шыққан туындылар жанр алуандығымен ерекшеленеді.
Айдана Боранбаева