Павлодарлық педагог: Ертегі мен ойын – мектепке бейімделудің кілті

Павлодарлық педагог: Ертегі мен ойын – мектепке бейімделудің кілті
Константин Шелковтың фотосы

@Pavlodarnews.kz тілшісі бастауыш сынып мұғалімінен қазіргі балалардың зейін шоғырландыру қабілеті, оқу дағдылары мен ата-ананың рөлі туралы сұрастырды. 

Бастауыш білім – баланың білім жолындағы алғашқы қадамы ғана емес, ол – оқу өмірінің іргетасы. Әсіресе 1-сыныпқа баратын немесе 1- сыныпты аяқтаған балалар үшін бұл кезең аса жауапты. Қазіргі таңда мектепке әртүрлі жастағы балалар барады: бірі 5,5 жаста, енді бірі жеті жасқа жақын. Осы жастағы айырмашылық олардың дайындық деңгейіне, зейін шоғырландыруына, сөйлеу дағдысы мен оқу қабілетіне тікелей әсер етеді.

 Бұл ретте, Екібастұз қаласының №9 жалпы білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Камила Жаскен көптеген бала 45 минуттық сабаққа шыдай алмайды, олардың зейіні орта есеппен 30–35 минутқа ғана жететінін айтады. 

Мұның себебі – балалардың әлі де ойын жасында болуы. Сондықтан да мұғалімдер сабақты ойын арқылы, интерактивті түрде ұйымдастыруға тырысады.

– Бүгінгі оқушылар – технологияға жақын өскен ұрпақ. Сондықтан олардың қызығушылығын қағаз кітаптан гөрі бейнежазба, аудио ертегі, интерактивті тапсырмалар көбірек тартады. Біз осыны ескере отырып, оқу процесіне жаңаша тәсілдерді енгізудеміз. Мысалы, әріп пен буынды танытатын анимациялық бейнероликтер, электронды оқулықтар мен онлайн жаттығулар, оқу мен жазуды бірге дамытуға арналған интерактивті қосымшалар мен бағдарламаларды қолдануға тырысамыз, – дейді Камила Жаскен.

Педагогтың айтуынша, 1-сынып табалдырығын енді аттайын деп тұрған бала үшін ең бастысы – тілдік қабілетінің қалыптасуы, сөздік қорының жеткілікті болуы, тыңдап түсіну қабілеті, дыбыс пен әріпке назар аудару, сөзді буынға бөліп айту және құрастыру сияқты дағдыларды меңгеруді үйренуі.

– Ал осындай қабілеттерді балаларына дамыту үшін ата-аналарға «Балдырған», «Балапан», «Ұлан» сияқты балаларға арналған журналдар, «мақта қыз бен мысық», «түлкі мен қасқыр», «жеті лақ» сияқты қазақтың халық ертегілерін оқуға кеңес берер едім. Бұл баланың дыбыс қабілетін дамытуға жақсы әсерін тигізеді, – дейді бастауыш сынып мұғалімі. 

Ұстаз  дыбыстар мен буындармен жұмыс істеуге арналған дайындық құралдарына да тоқталып өтті. «1000 сөз – 1000 сурет», «Менің алғашқы сөздерім» секілді суретті сөздіктер, аудио ертегілер мен балалар әндері, мысалы, «Balapan TV», «BalaPlay», «Қазақ радиосының ертегілері» және т.б. баланың даму қабілетін арттырады. 

Бірінші сыныпты аяқтаған балаларда буындап оқу, қарапайым мәтінді түсіну, оқығанын айтып беру сияқты негізгі дағдылар қалыптасып үлгеруі керек. Дегенмен, жаз мезгілінде баланың бұл дағдылары тез ұмытылып қалуы мүмкін. Өйткені ол – ойын баласы, жазда еркіндік пен демалысты қалайды. Осы сәтте ата-ананың рөлі ерекше маңызды. Егер ата-ана баланы қызықтыра білсе, баланың оқуға деген ынтасы да сақталады. 

–  Балаларға жазғы уақытта оқуға болатын жеңіл, қызықты кітаптар қатарына Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабының қысқартылған нұсқасы, Тобық Жармағамбетовтің әңгімелер жинағы, «Саққұлақ», «Ақ лақ пен қара лақ», «Тышқан мен арыстан» сияқты қазақ ертегілерін жатқызуға болады. Бұл ретте, баланың мәтінді түсінуін арттыру үшін ата-анамен бірге оқу, мазмұнын әңгімелеп беру, сұрақтар қою, кейіпкерлердің әрекеттерін талдау сынды әдістер өте тиімді екенін ескерген жөн, - дейді педагог.

Бірінші сыныпқа барған бала үшін ең маңыздысы –қызығушылықпен оқуды үйрену. Бұл қызығушылықты қалыптастыру – ата-ана мен мұғалімнің ортақ міндеті.